Бұдан бөлек, Шал ақын ауданында білім, денсаулық сақтау секілді өзге де салаларда маман тапшылығы байқалады. Осы жайттарға тоқталған аудан әкімі алдағы уақытта көшіп барам деушілерге баспана, егістік жер, тұрақты жұмыс тауып беруге уәде етті.
Мақтарал ауданына Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданынан келген бір топ делегация тығыз орналасқан аудан халқын жұмыс күші тапшы солтүсікке өз еркімен көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді,-деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Делегацияны бастап келген Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есімовті Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы қабылдап, екі жақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойды.
Бұл маңызды құжатта екі ауданның өзара байланысын арттырып, көшуге ниетті азаматтарға бірлесіп жағдай жасау, сондай-ақ мемлекет тарапынан берілетін көмектерді насихаттауға атсалысу көзделіп отыр.
Мақтаарал ауданының әкімі алдағы уақытта Шал ақын ауданына Мырзашөл өңірінен көшкісі келетіндерден құралған арнайы делегация жіберуге ниетті екенін жеткізді.
"Біздің ауданда бүгінде 305 мыңға жуық халық тұрады. Суармалы егістік көлемі 138 мың гектарды құрайды. Бізде халықтың тығыздығына байланысты жер тапшылығы мен жұмыссыздық деңгейі басым. Сондықтан, бүгінгі меморандумда көрсетілген бағыттар бойынша Мырзашөл халқын солтүстік аймақтарға мейлінше мол көшіру және олардың сол өңірлерге тұрақтап қалынуына ықпал ететін боламыз. Осы ретте алдағы жаз айларында солтүстік өңірлерге көшкісі келетін топты танысып қайту мақсатында арнайы жіберуді жоспарлап отырмыз" - деді Жамантай Бейсенбаев.
Мақтарал халқымен кездесуінде Шал ақын ауданының әкімі Н.Есімов өзі басқарып отырған өңірдің бүгінгі хал-ақуалын баяндап берді.
"Бүгінде аталған ауданда небәрі 18 мың халық тұрады. Олардың басым көпшілігі егіншілікпен айналысады. Ауданда жалпы 260 мың гектар егістік жер бар, оның 10 мың гектары суармалы егістік саналады. Алайда, жұмыс күшінің аздығынан егістік жерлер игерілмей бос жатыр" - деді Нұрлан Есімов.
Бұдан бөлек, Шал ақын ауданында білім, денсаулық сақтау секілді өзге де салаларда маман тапшылығы байқалады. Осы жайттарға тоқталған аудан әкімі алдағы уақытта көшіп барам деушілерге баспана, егістік жер, тұрақты жұмыс тауып беруге уәде етті.
Мақтарал ауданының тұрғындары да көшуге байланысты өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды. Мырзашөлдіктерді көбінесе баспана мен берілетін мемлекеттік жеңілдіктер қызықтырды.
Жиынды қорытқан аудан әкімі Ж.Бейсенбаев алдағы уақытта Шал ақын ауданын көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп, ол жақтан сапалы ұн және картоп өнімдерімен өзара алмасып отыруды қолға алатынын айтты.