​Ордабасылық ақ халаттылар Алғыс хат алды

0
3 054

ОҚО, Ордабасы ауданында Медицина қызметкерлері күні мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


​Ордабасылық ақ халаттылар Алғыс хат алды

ERNUR.KZ.ОҚО, Ордабасы ауданында Медицина қызметкерлері күні мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ. сайтының меншікті тілшісі.

Медицина - қиын да қызықты әлем. Күнделікті түрлі дерт, ауыр науқас, талай тағдыр осы әлемде өзінше арпалысып жатады. Ойланып қарасаң, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Иә, денсаулық саласына сын айтушылар, даттаушылар ішінара ұшырасады. Бірақ, оның бәрі басы ауырып, балтыры сыздағанда-ақ желеңді абзал жанның алдынан табылары сөзсіз. Ең өкініштісі - көбісі өз денсаулығына күтім жасамай, ағзасы әбден әлсірегенде көмекке жүгініп, дәрігерлерді кінәлайды. Дер кезінде қаралмаған өзіне шаң жуытпайтыны тағы бар. Асылында, дүние есігін шыр етіп ашқан сәби алдымен дәрігердің мейірімді алақанына түседі. Одан кейінгі өмір жолында да бірнеше рет оның алдынан өтеді. Түрлі тағдыр тайталасының ортасында жүрген ақжелеңділер жылына бір рет арқа-жарқа көңіл күйде жүреді. Көптен көріспеген ардагерлер құшақ жая қауышады. Бұл - маусымның үшінші жексенбісіне тура келетін медицина қызметкерлерінің күні.

Биыл да салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті. Ерекше безендірілген аудандық Мәдениет үйінің сахнасында өнерпаздар бар өнерін паш етті. LED-экраннан көрсетілген бейнефильмде аудандық орталық аурухананың тыныс-тіршілігі қысқаша баяндалды.

Әлемдегі ардақты да құрметті мамандықтың бірі - дәрігерлер қауымын алғаш болып аудан әкімі ҚАЙЫПЖАНОВ Рашид Үсіпханұлы құттықтап, сала үздіктерін Алғыс хатпен марапаттады.

Аудандық мәслихат хатшысы СӘДУАҚАСОВ Баймахан, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ЖӘКЕЙ Бостандық та адам жанының арашасы атанып кеткен абзал жандарды мерекемен құттықтап, Алғыс хат тапсырды.

Ал, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері МҰСАЕВ Сейфолла өзі басқаратын мекеменің жетістіктерімен таныстыра келе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының алғыс хатын табыстады.

80, 75, 70 жасқа толған сала ардагерлеріне сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Емхана бөлімі — «Үздік бөлім», жедел жәрдем бөлімінің реанимациялық көмек көрсету бригадасы — «Үздік алғашқы көмек бригадасы», Шұбар дәрігерлік амбулаториясы - «Үздік аймақтық медициналық мекеме», жансақтау бөлімі - «Үздік бөлімше», Ақжол фельдшерлік-акушерлік бекетінің фельдшері Абдрахманова Гүлнар «Үздік фельдшер» аталымдарын иеленді.

Сонымен қатар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдап, адам өмірін сақтап қалған қызметкерлерге бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы белгіленген.

Тұрғындар денсаулығы ел дамуының көрсеткіші. Сондықтан медицина қызметкерлерінің ел дамуына қосқан үлесі зор. Әр адамның өмірі, саулығы үшін күн, түн демей күрескен, алдына келген науқасқа қабағын шытпай қарсы алып, жылы сөзбен көңілдің кілтін тауып, дертке шипа іздеген дәрігерлер қауымы жасасын!

Жібек ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ.

ERNUR.KZ.