Ө.Шөкеев сайлауға дайындық барысын пысықтады

0
703

«Ауыл әкімі креслода отыратын адам емес».


Ө.Шөкеев сайлауға дайындық барысын пысықтады

Түркістан облысының әкімі оңтүстік аудандарға жұмыс сапармен барып, қалыптасқан дәстүр бойынша ақсақалдармен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


25 шілде күні Қазақстан бойынша ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен тұңғыш рет жүзеге асқан бұл сайлау науқаны қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшіліктің оң пікірін қалыптастырып үлгерді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарына маңызды саяси науқанға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын жеткізіп, аудандардағы алдағы сайлауға дайындық барысын пысықтады. Халық ең көп шоғырланған оңтүстік аудандарға жұмыс сапармен барып, қалыптасқан дәстүр бойынша ақсақалдармен кездесу өткізді.


«Саяси науқан мәселесі бізді де ойландырып, толғандырып жүр. Елдің қамы үшін, елдің бірлігін сақтау мәселесі. Нағыз білімді, саналы, елдің қамын ойлайтын азаматтарды таңдап, сайлайтын кез келді деп ойлаймыз», - деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов.


Облыс әкімі бұл сайлаудың маңыздылығын, оған сапалы дайындалу керектігін жеткізді. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екенін ескеріп, пандемия жағдайында сайлауға қатысушылардың денсаулығын қорғау шаралары назарға алынатынын қадап айтты.


«Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңесте бірқатар міндет жүктеді. Ел тарихындағы айтулы белес деп айтуға болатын тарихи маңызы бар саяси науқан - біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізгенін білесіздер. Осы тұста өздеріңіздің, яғни ақсақалдардың ролі ерекше. Бұл сайлауда қолынан іс келетін, нағыз абыройлы азаматтар сайланса дейміз. Ауыл әкімі креслода отыратын адам емес. Ол бүкіл халықтың мәселесін жүгіріп жүріп шешетін өте жауапты, жанашыр азамат болу керек»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.


Алдағы сайлаудың халықтың билікке деген сенімін және әкімнің ауыл тұрғындары алдындағы жауапкершілігін күшейтетінін айтқан облыс басшысы бұл сайлаудың тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашатынын айтты. Түркістан облысында 181 ауыл округі болса, биылғы жылғы ауыл әкімдерін сайлау 63 ауыл округінің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады.


Басқосуда мақтааралдықтар жайылымды жерлердегі малдан қорғану үшін қоршау жасап жатқан жер иелеріне қатысты шағым айтты. Бұл істің заңға қайшы екенін жеткізген облыс әкімі, жер иелеріне бөтен малдан тоқ жүргізілген арнайы қоршаулармен қорғануға болатынын жеткізуді айтты. Аудан ақсақалдары ауыл шаруашылығы, оның ішінде дала жұмыстарына қажетті отынның жетпей жатқаны жайлы мәселе көтерді. Облыс басшысы мәселені шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.