Биыл аудан бойынша 53 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 20 оқушы үздік аттестатты қорғап шықты.
Отырар ауданының түлектері техникалық мамандықтарға ынталы болып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырар ауданында Ұлттық бірыңғай тест тапсыру науқаны басталды. Тарыдай боп кірген білім ұясынан өмірлік білім қоржынын толтырып, арман жебесіне мақсат жүгін байлап
нысанына бет түзеген түлектер Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің базасына жиналды.
Осы орайда ауданның болашақ тізгін ұстарларына ақ жол тілеп арнайы барған аудан әкімі Ерлан Айтаханов оқушылармен жүздесіп, өмірлік қадамның жауапты сәтімен құттықтады.
- Құрметті түлектер, сіздердің алдарыңызда үлкен болашақ, ұлы мақсат пен міндет күтіп тұр. Халқымызда «Кім көп еңбектенсе, сол жеңіске жетеді» - деген, қанатты сөз бар. Мектептен алған білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің жемісі жоғары болады деген сенімдемін", - деген аудан басшысы ҰБТ-ға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетсек, биыл аудан бойынша 53 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 20 оқушы үздік аттестатты қорғап шықты. Аудан бойынша 711 түлек аттестат алып алтын ұя мектептерінен түлеп ұшса, 516 оқушы, оның ішінде 509-ы қазақ тілінде, 7 оқушы орыс тілінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге баруға өтініш білдірген. Ағымдағы жылы ауданның ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу пайызы 72,5 пайызды құрап отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың наурыз айындағы "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінде техникалық салаға баса көңіл бөлуді айта кеткен болатын. Осы орайда, аталған салаға аудан жас түлектерінің қызығушылығы жоғары.
"Биыл еліміз бойынша 15-ші рет өтіп отырған жауапты кезеңде білімін өз деңгейінде ақтап шыққан аудан шәкірттері түрлі мамандықтар бойынша білім алып, туған жерге келіп еңбек етеді деген сенім мол. Қашан да білімді, білікті жас кадрларды қажетті жұмыспен қамтамасыз етуге дайынбыз", - дейді, аудан басшысы Е.Айтаханов.