Сарыағаштағы бала зорлығы: Неден басталды? Кім кінәлі? Жаза қандай?

0
4 688

Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы 1 сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары топ болып зорлап келген деген ақпаратқа қатысты ауданның бас мұғалімі ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Сарыағаштағы бала зорлығы: Неден басталды? Кім кінәлі? Жаза қандай?

"Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы 1 сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары топ болып зорлап келген" деген ақпаратқа қатысты ауданның бас мұғалімі ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов пен Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құдырет Қыстаубаев және де аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Бірінші болып сөз алған бөлім басшысы ауданнан шыққан шудың қалай орын алғанын мәлімдеді.

  • Неден басталды?

2017 жылдың қыркүйек айында жәбірленушінің әжесі Абай ауылдық полиция бөліміне тамыз айының соңында немересін өзінен үлкен ауыл балалары ұрып-соқты деп шағым түсіреді. Бұл бойынша жергілікті дәрігер маманы баланы қарап, дене жарақатының белгілері анықталмайды. Полицейлер қылмыс белгілері анықталмағандықтан істі тоқтатады. Алайда ағымдағы жылдың қаңтар айында №73 мектептің 1 сынып оқушысының әжесі немересіне зорлық-зомбылық жасады деп тағы да құзырлы органға шағым түсіреді. Күдікке №74 мектептің жоғары сынып оқушылары іліккен. Аудандық полицейер ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен іс қозғайды. 19 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптамалары институты тарапынан медициналық тексеру жүргізіліп, бүлдіршіннің денсаулығында ешқандай зақым болмағанын, соның ішінде зорлау белгілері жоқ деген қорытынды шығарады. Алайда бұл жағдай бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде «істің жүргізілуіне қысым көрсетіліп жатыр екен» деген ақпараттың тез тарап, қоғамдық резонанс туындауына себеп болды.

Білім бөлімінің басшысы Майрихов тағы да сот медициналық сараптама тағайындалғанын атап өтті. Оның қорытындысын құзырлы органдар өздері мәлімдейтін болады.

Білім бөлімінің басшысы тілшілерге мәлімет берерде күдіктілердің есімдерін жасырғанымен, жәбірленуші бүлдіршіннің есімін ашықтан-ашық жария еткені бізді таң қалдырмай қоймады. «Неге жәбірленушінің есімін ашық айтып отырсыз?» деген сауалға бұған дейін бірқатар БАҚ-пен жәбірленушінің адвокаты баланың есімін жария еткен соң осындай қадамға бардым деп түсіндіргісі келді ол. Баспасөз мәслихатын өткізушілер бұның бала психологиясына кері әсерін тигізетінін түсінсе керек, облыстың бас мұғалімі Исатай Сағындықов «Ал сіздер оны жарияламаңыздар» деп қысқа қайырды. Жарайды, делік...

  • Күдіктілерге қатысты дерек

Сарыағаштың бас педагогы бала зорлады деп күдікке іліккен жоғары сынып оқушыларын жуас деп, оң мінездеме беріп өтті.

«Үш күдікті ғой, біреуі 7 сынып, екеуі 8 сынып оқушылары. Екі оқушы волейболға, біреуі футболға қатысады. Сабақ үлгерімдері орташа. Бұған дейін бұзықтық жасамаған, тәртіпсіздік бойынша есепке ілінбеген. Ол балалармен өзіміз де сөйлестік, өте жуас», - деді ауданың бас педагогы.

Айта кетерлігі, шу шыққан соң білім бөлімінің басшысы жәбірленуші мен айып тағылған оқушылар білім алатын мектептерде тексеру-зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Тексеру нәтижесінде шағым түскен күні күдіктілердің барлығы түгелімен сабаққа қатысқаны анықталған. Ел арасында мектеп басшылығы күдіктілерден «Енді зомбылық көрсетпейміз» деп тілхат жаздырып алыпты деген ақпаратты Бауыржан Майрихов теріске шығарды.

Жәбірленуші мен жоғары сынып оқушыларымен психолог мамандары жұмыс жүргізу үстінде екен. Тек соңғы екі аптадан бері 7 жасар оқушы сабаққа мүлдем келмей қойған. Білім бөліміндегілер жәбірленуші тараптың адвокатына баланы сабақтан алып қалу әкімшілік жауапқа тартылатынын жеткізген. Сондай-ақ, 7 жасар бүлдіршіннің әжесі кейде психолог мамандарын үйіне кіргізбей қойып та жатқан көрінеді.

  • 7 жасар баланың ойдан шығаруы мүмкін бе?

Жәбірленуші бүлдіршін республикалық арна тілшілеріне берген сұхбатында оқиғаның қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берген болатын. «Маман ретінде ойыңызды айтыңызшы, 7 жасар баланың осындай оқиғаны ойдан шығаруы мүмкін бе?» деген сауалға білім бөлімінің басшысы соңғы нүктені істі жүргізіп жатқан құзырлы органдағылар қоятынын жеткізді.

«Бұл бойынша қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Шынымен өзі айтты ма, әлде біреудің айдауымен бе?.. Тиісті органдардың өздерінің сараптамалары бар екен ғой баланың өтірік немесе шын айтатынын анықтайтын...», - деп қысқа қайырды Бауыржан Майрихов.

  • Кім кінәлі?..

Баспасөз мәслихаты соңында Бауыржан Майрихов соңғы кезде шудан көз ашпайтын Сарыағаштың білім саласына қатысты пікірін де жеткізді. Оның ойынша суицидтің өршуі, паедгогтардың өзара жанжалы және тағы сол сияқты түйткілдер психолог мамандарының жетіспеушілігінен екен.

«Мен өткен жылдың қазанында келдім ғой қызметке, зерделеу жұмыстарын жүргізіп көрдім. Бізде психолог маманы жеткіліксіз. Қазір аудандағы мектептерде 138 психолог маманы жұмыс істейді, әлі бізге 18-20 шақты маман қажет», - деп сөзін түйді.

  • Бас педагог: «Дәлелденсе, отставкаға кетемін»

Көпшіліктің ашуын тудырған қылмыстық істің нақты орын алғаны дәлелденсе, ауданның бас педагогы қызметтен кететінін ресми мәлімдеді. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов болса, кінә дәлелденсе, бұған жауапты бірқатар қызметкер орнын босатуы керек екендігін жеткізді.

Қалай болғанда да көпшіліктің талқысына түскен іс бойынша сең қозғалды. Оны облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығы өз бақылауына алды. Егер де сараптама қорытындысы теріс шығып, тағылған айып дәлелін таппаса, білім бөліміндегілер жәбірленуші тарапқа жала жапты деп сотқа шағым түсірмек.

  • Оқиға қоғам қайраткерлерінің назарында

Ақпарат ретінде айта кетейік, қоғамды ушықтырған бұл жайт елімізге танымал қоғам белсенділерін де бей-жай қалдырмады. Белгілі қоғам қайраткері, «Дом» қайырымдылық қорының басшысы Аружан Сайын желі парақшасы арқылы бұл бойынша көпшілікке үндеу жолдады.

«ОҚО-да Абай ауылында зорланды деген 7 жасар оқушыға қатысты хабарландыру. Бұл істің нәтижесі қарама-қарсы көзқарас тудырды. Сондықтан құқық қорғаушылар мен бей-жай қалмаған азаматтардың кеңесіне жүгіне отырып, бірқатар қоғам қайраткерлері төмендегідей шешімге келдік», - деп жазған Аружан Сайын өзара міндеттемелер үлестірілген тізімді жария етті.

«Жергілікті өңірдегі мамандарға сенімсіздік туғандықтан осындай шешім қабылдап, кәсіби мамандардың тексеруін қолға алмақпыз. Тексеру нәтижесін жәбірленушінің отбасы мен мемлекеттік органдарға береміз. Соған қарай алдағы уақытта шешім қабылданатын болады. Заңгерлерді, қоғам қайраткерлерін, танымал жандарды бізді қолдауға шақырамыз. Кәсіби кеңес бере алатын сарапшылар Татьяна Семеновамен +7 701 783 5303 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады» деп жазған қоғамдық қор басшысы жәбірленушінің отбасын Алматыға шақыртқанда көмек қолын созамын деушілер Жанна Ахметовамен байланысуға болатынын жария етті.

Оқырман үшін ақпарат, жәбірленушінің анасы баласы дүниеге келмей тұрып әкесімен заңды түрде ажырасқан. Ұлын өз анасының тәрбиесіне сеніп тапсырған ол нәпақа табу үшін Алматы қаласына кеткен.

фото: ERNUR.KZ