«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» жүктеліпті. Бұл миллионнан аса салымшысы бар ірі қаржы мекемесі.
«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында қалалық мәслихат фракциясы мен «7-20-25» бағдарламасының іске асуына жауапты мемлекеттік мекеме басшыларының қатысуымен жиын өтті. Шенеуніктер аталмыш бағдарлама бойынша жасалынып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бірінші кезекте қалалық әкімшіліктің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдинұровтың айтуына қарағанда, өткен жылы қала бойынша төрт мыңнан астам адам жаңа пәтердің кілтін алыпты. Осы жылы Елбасы бағдарламасына байланысты қала билігі бес мың қалалық тұрғынды баспаналы етеміз деп отыр. Дегенмен баспаналы болғысы келетіндер одан да көп.
«Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы тұрғын үйге кезекке тұрған 36 мыңнан аса адамды бес санатқа бөлуге болады. Біріншісі – Ұлы Отан соғысы ардагерлері. Қазіргі кезде олар толық қамтамасыз етілген. Екінші кезекте – жетімдер, олардан 1700 адам кезекте тұр. Үшіншісі – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, олар 13 мың. Төртіншісі және ең көбі – мемлекеттік , бюджеттік қызметкерлер. Бесіншісі – тұратын үйлері апатты деп танылған тұрғындар, олар 30 адам» - деді Мәлік Әбдинұров.
«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне» жүктеліпті. Бұл миллионнан аса салымшысы бар ірі қаржы мекемесі. Қазіргі кезде оның жинағында 31 млрд. теңге бар екен. Осы қаржы мекемесінің өкілдері жақын арада аталмыш мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға міндеттеніп отыр.
«Қазір Халық Банкі еншілес компания құруда. Ол «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға кіріседі. Біз оның жұмыс жасауын күтіп отырмыз. Компания құрылған сәттен бастап біздің банктің барлық 38 бөлімшесі келісім-шарттарға қол қояды және бұл бағыт бойынша жұмыс істеуді бастайды» -деді «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ филиалының директорының орынбасары Ақылбек Қоспанов.