​Шымкентте Рухани келісім күні аталып өтті

0
3 449

«Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында форумда келелі әңгімелер айтылды.


​Шымкентте Рухани келісім күні аталып өтті

18 қазан – Рухани келісім күні. Осы даталы мерекеге орай Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекетіміздің басты стретегиялық бағыты - рухани келісім мен татулықты сақтаудың маңыздылығын насихаттау мақсатында өткен мерекелік шараға Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, М. Әуезов атындағы ОҚМУ басшылығы, діни конфессия өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар қатысты.
Жиында сөз алған Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрғасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қол жеткізген жетістіктердің барлығы бейбітшілік пен бірліктің алтын арқауы екендігін айтты.
- Халқымызда «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөз бар. Дәулеті өскен, сәулеті келіскен бүгінгі Қазақстанның толағай табыстары – ынтымағымыз бен ырысымыздың берген жемісі деп білеміз. Біздің бірлігіміз төзімділікке, адамды сүюге, қайырымдылыққа шақыратын жоғары адамгершілік мұраттарға негізделген. Бүгінде Қазақстанда халықаралық қауымдастық мойындаған татулық пен бейбітшіліктің ерекше үлгісі қалыптасты. Еліміздің өзара келісімге негізделген бағыт-бағдарын әлем жұртшылығы жоғары бағалауда. Міне, осындай сыйластық пен үйлесімділікке негізделген ізгі ниетімізді кейінгі ұрпақ бойына сіңіру ассамблея мүшелері мен конфессия өкілдерінің мерейлі міндеті болуы қажет, - деді өз сөзінде М.Қалмұратов.
Қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік жаңғыруы, гуманизм, мәдени өркендеу жолындағы әрекеттерді арттыру жайында облыстық мәслихаттың депутаты, «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшісі Әбілқасым Досболов, Түркістан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы м.а. Заңғар Үсіпахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев, Шымкент қалалық орыс православиелік шіркеуінің қызметкері Александр Могилевский өз ойларын ортаға салды.
Мерекелік шара соңында М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдар көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кету керек, 1992 жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі ұйымдастырылған болатын. Осы алқалы жиында 18 қазанды қоғамымыздағы өзара түсіністікті нығайту күні ретінде белгілеп, оны дәстүрлі түрде мереке ретінде атап өту ұсынылған болатын. Қазіргі таңда бұл күн барша қазақстандықтардың мерейлі мерекесіне айналып отыр.