​Сот төрағасы ауыл тұрғындарымен жүздесті

0
2 560

Аудандық сот төрағасының жеке қабылдауына ауылдық округтердің әкімдері мен аудандық әділет басқармасы қызметкерлері, сот орындаушылары мен медиаторлар, ауыл тұрғындары қатысты.


​Сот төрағасы ауыл тұрғындарымен жүздесті

Түркістан облысы, Жетісай аудандық сотының төрағасы Құрманғали Дүйсебеков Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков және Ж.Ералиев ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдауын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Кездесуде сот төрағасы бүгінгі күні «Сот төрелігінің 7 түйіні» пилоттық жобасын жүзеге асырудағы «Үлгілі сот» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысына кеңінен тоқталды. Ондағы сот жүйесін цифрландыру бойынша заманауи ақпараттық технологияларды қолдану, сот әурешілігін жою мақсатында атқарылып жатқан электронды іс және виртуалды сот жобасының жұмыстары, оны сот тәжірибесінде қолдану жағдайлары түсіндірілді.

Сонымен қатар, кездесуде сотқа дейінгі татуластыру рәсімдері бойынша медиация, татуласу келісімдері, партисипативтік рәсім сияқты дауларды реттеудің баламалы тәсілдерінің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы да айтылды.

Ауыл тұрғындары да сот жүйесінде атқарылып жатқан пилоттық жобалар мен оң өзгерістерге пікірлерін білдіріп, даулардың соттан тыс татуластыру рәсімдерін жан-жақты дамыту қажеттігін айтты.

Кездесу соңында Жетісай аудандық сотының төрағасы Құрманғали Дүйсебеков ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, сот жүйесінің жұмысына қатысты сұрақтарына заң аясында тиісті жауаптар берді.