"Су тасимыз деп келіндер түсік тастап жатыр" - ОҚО-дағы таза суға зәру ауыл тұрғындары

0
3 597

"21 ғасыр! Цифрлық Қазақстан! Дамыған ел!» деп жалаулатқанымыз не теңіміз?! Біздің көрген күніміз осы. Балалар цифрлық сауатын ашпақ түгілі, күндері белі қайысып шелектеп су тасумен өтеді", - деп қынжылады ауыл тұрғындары.


Оңтүстік өңірдің Мақтарал ауданындағы Өркенді ауылының тұрғындары 30 жылдан бері таза ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

"21 ғасыр! Цифрлық Қазақстан! Дамыған ел!» деп жалаулатқанымыз не теңіміз?! Біздің көрген күніміз осы. Балалар цифрлық сауатын ашпақ түгілі, күндері белі қайысып шелектеп су тасумен өтеді", - деп қынжылады ауыл тұрғындары.

Тіпті, ауыл келіндері көрші аумаққа барып, су тасып, ауыр шелекті көтерген жүкті келіндердің түсік тастаған жағдайлары жиі болған. Ауылдағы ағайын суды тасып ішуден шаршағандарын айтады.
"Осы ауылға көшіп келгеніме 24 жыл болды. Ширек ғасырдан бері судың азабын тартқанымыз тартқан!... Жуыну, адам құсап кір жуу біздің ауылдағылар үшін мұңға айналды... Тасып әкелген таза суды сақтап ішеміз, тамаққа деп сақтап қоямыз. Кір-қоңымызды арық суына жуамыз, сол арықтың суына жуына да саламыз. Ауылдың әрбір үйіне құбыр жүргізіліп те қойылған. Ұмыт қалған ауыл сияқтымыз. 1994 жылдан бері өз басым суды күтіп шаршадым", - дейді ауыл тұрғыны Рысбала Бұланова.

"Жас келіндер, бала-шаға су іздеп көрші ауылды кезіп кетеді. Ол судың да сапасы нашар. Қызылқұрт бар ішінде. Хлор салу керек қой күн сайын, тым болмағанда. Балалардың іші жиі ауырады. Жолымыз мынау астаң кестең. Жазда шаңы аспанға ұшады", - деп ренішін білдірді ауыл тұрғыны Оңалбек Сраилов.

Жергілікті жұрттың сөзіне сенсек, Өркенді ауылында ауыз су құбыры бар. Бірақ ол жекеменшік, яғни кісі қолында. "Кісідегінің кілті аспанданың" кері келіп тұр. Құбырдың суына тек ауылдың бас жағында орналасқан үйлердің тұрғындары пайдалана алады. Қалған 4 көше, яғни 500-ге жуық үй шөлейтте тұратындардың тіршілігін кешуде. Жұртшылық ауылды ауыз сумен түгел қамтуға құрылғының күші жетпесе де, құбырдың иесі алым жинаудан арланар емес деп ашынады тұрғындар. Там-тұмдап, қасқалдақтың қанындай зорға қол жеткізіп, көпшілігі жете алмайтын бұл құбырдағы су үшін жекеменшік иесі төлемді уақытылы төлеуді сұрайды екен.

Ауыл жұрты «қаншама жылдан бері осы көрген азабымызды жергілікті атқамінерлер біледі» дейді. Білгенінен пайда жоқ, ауылдың басшылығы буған аузын ашып, нақты тірлік жасағанын көрмейміз деп отыр ауылдағылар. Қолында билігі барлар жыл сайын бюджетке енгіземіз деп ауыздарын құр шөппен сүртіп шығарып салады екен.

Жергілікті жұрттың ендігі үміті халық қалаулыларында. Себебі, аудан басшылығы ауылға су жүйесін жүргізуге қосымша қаражат алдағы сессиялардың бірінде бекітіледі деп сендірді.