​Тәуелсіздік күнінде дүниеге келген егіздер өсіп келеді

0
2 578

Тәуелсiз елдiң топырағында дүниеге келген өрендер Егемен Елмен бiрге есейiп, бой түзеп келедi.


​Тәуелсіздік күнінде дүниеге келген егіздер өсіп келеді

ERNUR.KZ. Ел Тәуелсiздiгiнiң 18 жылдық мерекесi тойланған 2009 жылдың 16 желтоқсан күнi бүгінгі Түркістан облысы, Отырар ауданында Сарыбаевтар әулетiнде егiз ұл дүниеге келген еді. Тәуелсiз елдiң топырағында дүниеге келген өрендер егемен елмен бiрге есейiп, бой түзеп келедi. Күннен күнге қарыштап, алға басқан мемлекеттiң жас ұрпағы бақытты балалық шақты бастан кешiруде.

Бүгiнде Отырар ауданындағы Темiр жалпы орта мектебiнiң 3-сыныбының үздiк оқушылары Алтынбек пен Жарқынбек “Отырар” саз мектебiнiң домбыра сыныбында дәрiс алып, ұлттық өнермен сусындауда. “Сегiз қырлы бiр сырлы” болып өсiп келе жатқан Тәуелсiз елдiң бақытты ұрпақтары Тәуелсiздiк күнi қарсаңында еркiн ойларын жеткiзгiсi келедi.

Жарқынбек Махмұт: - Әкемiз Құрмет пен анамыз Рахаттың егiз ұлдарымыз. Менiң атам Махмұт Сарыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып, елiмiздiң бүгiнгi болашағына өз үлесiн қосқан. Желтоқсан оқиғасы туралы түсiрiлген қысқаметражды фильмде Махмұт атамның жас кезiндегi бет-бейнесi айқын көрiнген. Бауырым Алтынбек екеумiз атамызды мақтан тұтамыз. Жыл сайын туған күнiмiзде атам бiзге “Тәуелсiздiк” сөзiнiң мағынасы мен маңызын түсiндiре отырып, Желтоқсан оқиғасында құрбан болған жандарды еске алып отырады. Бiз атамызды мақтаныш етемiз. Бiз елiмiздiң патриоты боламыз. Батырлық бiздiң қанымызда бар қасиет.

Алтынбек Махмұт: - Бiз Тәуелсiздiк күнi туылғанымызға қуанамыз. Осы күнi бүкiл елiмiз бауырым Жарқынбек екеумiздiң туған күнiмiздi атап өтiп жатқандай әсерде боламыз. Жақында үлкен атамыз Қаныбек Сарыбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай ауылымыздағы мәдениет үйiнде еске алу кешi болып өттi. Сол кеште бауырым Жарқынбек екеумiз халық күйi “Тепеңкөктi” домбырамен орындадық. Сол кешке жиналған қауым: “ақиық ақынның шөберелерi өнерлi екен” деп мақтағанда төбемiз көкке жеткендей болды. Ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың шөберелерi ретiнде жаңа Түркiстан облысының орталығы Түркiстан қаласының 88 жылдық тарихы бар “Түркiстан” газетiне шығып отырғанымызды мақтаныш ететiн боламыз.

Дереккөз: yassy-tur.kz