Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылған.
Торқалы 90 жылдық мереке Түлкібас темір жол станциясындағы қазақ халқының бір туар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішінің ашылу рәсімімен жалғасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Тарихқа көз жүгіртсек 1915 жылы Түлкібас жерінде темір жол құрылысын басқарған қазақтың тұңғыш темір жол инженері М.Тынышбаев жас Т.Рысқұловпен кездесіп, Т.Рысқұловтың білім алуына бағыт-бағдар беріп, болашағына жол ашқан.
Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылған. Ескерткіштің ашылуында Дүниежүзі Қазақтар қауымдастығының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз алып, зұлмат жылдарда қазақ xалқының тағдыры үшін жанын қиған М. Тынышбаев пен Т. Рысқұловқа аудан әкімдігі көрсеткен құрметіне ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі Н.Тұрашбеков, ғалым Д.Қамзабекұлы, дербес зейнеткер Ө.Қалықұлов сөз сөйлеп, қос тұлғаны атқарған еңбектері жайлы айтып өтті.
Айта кетейік, Тұрар Рысқұлов - қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. 1894 жылы 26 желтоқсанда Шығыс Талғар болысы, Верный уезі Жетісу облысы шатқалындағы Бесағаш (қазір — Талғар ауданы Алматы облысы) жерінде дүниеге келген.
Мұхамеджан Тынышбаев – Алаштың ірі қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, ағартушы, тұңғыш темір жол инженері болған. Оның тағдыр-талайы білім мен ағартуға, ұлттық теңдік пет өркениетке ұмтылған қазақ халқының тағдырымен бір. Қоғам қайраткері 1900 жылы оқушыны ұлтқа бөліп алаламайтын, білімдіні қадірлейтін гимназия директоры М.В. Вахрушевтің Жетісу губернаторына дәлелдеп үріп стипендия бөлгізуінің арқасында (ол шақта мемлекет есебінен оқу тек осылай жүргізілген) Мұхамеджан император I Александр атындағы Петербор темір жол транспорты институтына қабылданады. Бұл институтты 1906 жылы бітірген. Теміржол саласына байланысты еңбегін ғана парақтағанның өзінде М.Тынышбаев - Кіндік Азия көлемінде еленуге лайықты инженер-теміржолшы.