Республикалық турнирге Састөбе кентінде орналасқан №2 БЖСМ-нің түлегі 40 келі салмақ дәрежесіндегі жас палуан Қалықбай Айдана қатысты.
Ақмола облысы, Шучинск қаласында еркін күрестен республикалық турнир өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы А.Казымбетовты еске алуға арналған Республикалық турнирге Састөбе кентінде орналасқан №2 БЖСМ-нің түлегі 40 келі салмақ дәрежесіндегі жас палуан Қалықбай Айдана қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды.
Қалықбай Айдана 2003 жылы Балықты елдімекенінде дүниеге келген. Шарафкент ауылында Әл-Фараби жалпы орта мектебінде оқып жүріп, еркін күрестен жаттықтырушы Жомарт Имашовтан сабақ алған. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінде білімін арттырып, шеберлігін шыңдауда. Айданаға алдағы уақытта өтетін үлкен жарыстарда биік шыңдардан көріне беруіне тілектеспіз
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының 20-23 жұлдызы аралығында Тараз қаласында өткен еркін күрестен де түлкібастық спортшылар жүлдемен оралған еді.
Олимпиада жеткіншектерін даярлау спорт кешенінде Шоқан Нәдірбековты еске алуға арналған турнирде 2003-2005 жылдар аралығында туылғандар бақ сынасқан болатын. Республикалық додада Түлкібас аудандағы №2 БЖСМ-нің еркін күрес бөлімінің жаттығушысы Мамытбек Әлмен +80 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестерін басып озып, жүлделі ІІІ орынды иеленген.