ТҮРКІСТАН: Ордабасыда күркетауық ұрлаған ұры қолға түсті

0
1 133

ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда күркетауық ұрлаған ұры қолға түсті

Жүз күркетауық ұрлап, оңай ақшаға кенелгісі келген қырықтағы жігіт құрықталды. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданы маңындағы бөтеннің қорасындағы құстарды жымқырып кеткен деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына арызданған. Ол өз арызында, Ордабасы ауданының маңындағы қорасынан 100-ге жуық күркетауығының белгісіз біреулермен қолды болғандығын айтқан. Жәбірленушіге жалпы сомасы 500 мыңнан астам теңге шығыны келтірілген.

Аталған жайт бойынша ауданның криминалдық полицейлері мен учаскелік полицейлері бағыт алып, қажетті шараларды іске асырады. Ауданның барлық аймағын тінтіп, тұрғындар арасында сұрақ-жауаптар жүргізеді.

Нәтижесінде, Ордабасы АПБ-нің қырағы сақшылары 1 күнде қылмысты ашып, жасы 40-қа таяған жергілікті тұрғынды құрықтайды. Тексере келе, ұсталған азаматтың бұрын жәбірленушінің күркетауықтарын бағып, жалдамалы бақташы болып жұмыс істегені белгілі болады. Сонымен қатар, күдікті жымқырған күркетауықтарын Шымкент қаласындағы базарлардың біріне алып барып, арзан бағада сатып жіберген.

Бүгінгі таңда, күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің ісі дәлелденіп, барлық жинақталған құжаттар сотқа жолданды.

"Ордабасылық полицейлер, мүлікке сақтықпен қарап, қауіпсіз әрі сенімді аймақта ұстау керектігін айтады. Сонымен қатар, олардың тұрғын жайларын да мықтап бекітуді естен шығармаған дұрыс. Егерде сіз дәл осындай жағдайға тап болсаңыз немесе құрбанына айналсаңыз міндетті түрде полицияның жедел желісі «102-ге» қоңырау шалып, сақшыларға хабар беріңіз. Бұл өз кезегінде полицейлердің қылмысты ізін суытпай ашып, қылмыскерді дер кезінде құрықтауына септігін тигізеді,"-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.