ТҮРКІСТАН: 19 елді мекен мен 3 мөлтек аудандағы 46 мыңға жуық тұрғынға газ берілді

0
1 118

2030 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету күтілуде.


ТҮРКІСТАН: 19 елді мекен мен 3 мөлтек аудандағы 46 мыңға жуық тұрғынға газ берілді

ERNUR.KZ. Түркістан облысы тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды.


2023 жылдың басында жалпы облыс бойынша 2 млн. 119 063 тұрғыны бар 832 елді мекеннің 465 елді мекені (55,9%), яғни 1 537 588 тұрғын (72,6%) табиғи газбен қамтамасыз етілді. Биыл 107 нысанның құрылысына 17,5 млрд.теңге (ҰҚ-8,3 млрд.теңге, РБ-2,2 млн.теңге, ОБ-7,0 млрд.теңге) бөлініп, оның ішінде 62 нысанның құрылысы осы жылы аяқталады. Нәтижесінде, 50 елді мекен, 3-АГТС, 3 жеткізуші газ құбыры, 12 шағынаудан, 115 845 тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Қалған 45 нысанды 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде, 515 елді мекен (61,9%), яғни 1 млн. 653 433 тұрғын (78%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Кезең-кезеңімен газға қосу жұмыстары жүргізілуде.


Бүгін Түркістан облысында 19 елді мекен, 3 мөлтек аудандағы 46 мыңға жуық халыққа газ беріледі. Оның ішінде, Сауран ауданындағы Бершінтөбе елді мекеніндегі 3,5 жыл көлемінде құрылысы тоқтап қалған газ нысаны құрылысының мәселесі шешіліп, бүгін елді мекен тұрғындары да табиғи газға қол жеткізіп отыр. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті құттықтап, өңірді газдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

– Халықты табиғи газбен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта, биыл 107 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 62 нысанның құрылысын осы жылы пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 22 елді мекен, 8 мөлтек аудандағы 70 мыңға жуық халық газға қосылды. Сонымен қатар «Кирово», «Жетісай» автоматты газ тарату станциялары пайдалануға берілді.
Бүгін 19 елді мекен, 3 мөлтек аудандағы 46 мыңға жуық халыққа газ беріледі. Өткен жылы 11 елді мекен газға қосылса, биыл 50 елді мекеннің халқы «көгілдір отынға» қол жеткізді. Оған қоса, 2018-2022 жылдары аралығында құрылысы жүргізіліп, газға қосылмаған 33 елді мекеннің 26-сы осы жылы газға қосылды. Сонымен қатар Мақтааралда орналасқан 4 АГТС-ті іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 832 елді мекеннің 515 елді мекені (62%) немесе 1 млн. 653 433 тұрғын (78%) табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Жұмыстар жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы ұзындығы 27,165 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылыс жұмыстарын «Kumbez Construction» ЖШС жүргізген. Нәтижесінде, саурандық 196 абонент, 1050 тұрғынға газ құбыры жеткізілді.

Бүгінгі таңда құрылысы аяқталатын 62 нысаннан 31 нысан пайдалануға беріліп, 22 елді мекен мен 8 шағын аудандағы 69 724 халық табиғи газға қосылу мүмкіндігін алды.
Нақтылап айтсақ, Төлеби ауданындағы Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Кеңесарық, Керегетас, Жетісайдағы Отан, Ғ.Мұратбаев, Ордабасыдағы Төрткөл, Ынталы, Қарақұм, Спатаев, Отырардағы Қарғалы, Шойманов, Шытты, Көкмардан, Арыс, Шойманов, Сарыкөл, Мақтааралдағы Дихан, Қазығұрт ауданындағы Ызабұлақ, Бәйдібек ауданындағы Түйетас, Шардарадағы С.Тұрысбеков, Сайрамдағы Сарыарық елді мекендері мен Шардара қаласындағы 8 мөлтек ауданға газ құбыры жеткізілді. Жыл соңына дейін қалған 31 нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, 2018-2022 жылдары аралығында құрылысы жүргізіліп газға қосылмаған 38 нысан: 33 елді мекен мен 5 АГТС бар болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес аталған нысандарды газға қосу бойынша жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 26 елді мекен газға қосылды. Атап айтсақ, Сауран ауданында – 8, Жетісайда – 4, Келесте – 9, Сайрамда – 2 және Мақтаарал ауданында – 3 елді мекенге «көлгілдір отын» жеткізілді.

Айта кетейік, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін Газли-Шымкент (Өзбекстан) магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынуда. Жалпы облыстың табиғи газ тұтыну мөлшері 800,0 млн. текше метрден астам. Облыс бойынша жалпы 10 994,41 шақырым газ құбыры тартылған. Оның ішінде, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ есебінен 3 166,8 шақырым, бюджет есебінен 7 568,7 шақырым газ құбыры салынған. Оған қоса, газдалмаған облыстың солтүстік бөлігіндегі аудандарды газдандыру мақсатында бюджет есебінен 16 АГТС-тің құрылысы жүргізіліп, 8 іске қосылған, «Шанақ», «Мақтаарал», «Тоболино», «Абай», АГТС-терін іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстың стратегиялық даму жоспарына сәйкес және газ ресурсының мүмкіндігін ескере отырып, 2030 жылға дейін облыстың елді мекендерін 100 пайыз газбен қамтамасыз ету күтілуде. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде жалғасады.