ТҮРКІСТАН: 200 орынды жаңа аурухананың құрылысы жуырда аяқталады

0
1 114

2020 жылы ел аумағында 13 модульді инфекциялық стационар салынуы жоспарланған


ТҮРКІСТАН: 200 орынды жаңа аурухананың құрылысы жуырда аяқталады

Түркістанда 200 орындық модульді аурухананың құрылысы жүргізілуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 200 төсек-орынға лайықталған модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, 2020 жылы ел аумағында 13 модульді инфекциялық стационар салынуы жоспарланған болса, соның бірі Түркістан шаһарындағы нысан болып есептеледі.

Айта кетерлігі, науқастарға арналған 200 төсек-орынның 180-і инфекциялық жұқпалы ауруларға, ал 20 орын реанимациялық ауруларға арналып дайындалатын болады. Сондай-ақ, ауруханада заман талабына сай цифрлы рентген аппараты, ултрадыбыстық аппараттар және өзге де озық үлгідегі техникалар ем қабылдаушыларға қызмет ететін болады.

Аталған аурухана нысанының құрылысы жоспарланған аймақта барлық қажетті инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы қамтамасыз етілген. Жалпы, инфекциялық стационардың құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталатын болады.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына тиянақты дайындық жасап жатыр. Сонымен қатар, өңірдегі өзге облыспен шектесетін жолдарға блок-бекет қою туралы шешім шықты.