ТҮРКІСТАН: 5 жасар қызды өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

0
671

Сотталушыға кастрация жасалатын болды.


ТҮРКІСТАН: 5 жасар қызды өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды өлтірді деп айыпталған күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Естеріңізде болса, осыған дейін Сарыағашта жоғалып кеткен 5 жасар қыздың денесі жергілікті тұрғынның үйінен табылғанын хабарлаған едік. Оқиғаның ізін ала 5 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті қамауға алынған.


Сондай-ақ, тексерулер нәтижесінде аталған күдіктінің бұрын 10 жылға сотталғаны анықталған болатын.


Осы орайда, Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен айыпты деп санап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, сот үкімі күшіне енгеннен кейін сотталушыға кастрация жасалатын болды. Оған қоса, құзіретті орган бұған дейін айыпталушының мойнына жәбірленуші тарапқа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу міндеттін артқан болатын.


Ресми дерекке сүйенсек, марқұмның ата-анасы сот үкімімен келіскен. Алайда, осыған дейін айыпталушыға жеңіл жаза тағайындаған судья мен прокурорды жауапкершілікке тартуды сұрапты.


Ал, сотталушы болса өзіне тағайындалған жазаны жеңілдетуді өтінген. Тағы бір дерекке сәйкес, сотталушы адам өлтіргенін мойындағанымен, "зорлау" бабы бойынша тағылған айыппен келіспеген. Судьялар болса, сотталушының кінәсі сараптама және өзге де деректермен дәлелденгенін айтады.


Айта кетсек, бұл іске қатысты ақпараттар бойынша, мас хәлде болған сотталушы ойнап жүрген 5 жасар қызды «ән қойып беремін» деп алдап, өз үйінің ауласына кіргізген. Содан соң, күш қолданып, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасаған көрінеді. Сот деректеріне сүйенсек, күдікті қылмысын жасыру үшін асхана пышағымен қызды өлтірген.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.