ТҮРКІСТАН: 700-ден астам азамат еңбек шартына қатысты шағымданған

0
873

192 тексеру жүргізіліп, барлық шағымданушыларға заң аясында уақытылы тиісті жауаптар берілді.


ТҮРКІСТАН: 700-ден астам азамат еңбек шартына қатысты шағымданған

Түркістан облысында 730-дан астам азаматтан еңбек шартына қатысты шағым түскен, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында 2020 жылдың 8 айында Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына еңбек шарттарына байланысты 734 азаматтан арыз-шағым түскен. Нәтижесінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 192 тексеру жүргізіліп, барлық шағымданушыларға заң аясында уақытылы тиісті жауаптар берілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Берік Ибадуллаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, еңбек шартының бұзылуына байланысты шағымдар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға кеміген.

«Биыл келіп түскен арыз-шағымдарда көбіне жалақы төлеу мерзімінің, еңбек шартының, жұмыс уақыты нормасының бұзылуы және еңбек демалысын уақытылы бермеу мәселелері көтерілген. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 208 заң бұзушылық анықталған. Оның 186-сы жойылды не заңға сәйкестендірілді. Қалғандарының орындау мерзімі бар», – деді Б.Серікбайұлы.

Сондай-ақ, 2020 жылдың қаңтар – тамыз айларында облыс мекемелері мен кәсіпорындарында жалақыны заңмен белгіленген мерзімнен кешіктіріп төлеген 5 жағдай анықталған.

Бүгінгі таңда 2019 жылдан қордаланған және өтпелі жалақы қарызы бар 2 кәсіпорында 22 жұмыскер алдында 41,7 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр.
Ал, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы бойынша 27 жағдай тіркелген. Олардың қатарында жұмыскерлерді оқыту және нұсқама беру тәртібін бұзу, арнайы киіммен қамтамасыз етпеу, еңбекті қорғау жөніндегі құжаттарды жасамау, міндетті медициналық тексерулерды өткізбеу, еңбекті қорғау қызметін құрмау фактлері бар.

Басқарма басшысы мұндай заң бұзушылықтардың орын алуын жұмыс берушілердің және лауазымды жауапты қызметкерлерінің Еңбек заңнамасын елемеуі, оны оқып-үйренуге талпынбауы, жұмыс берушілердің осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуімен байланыстырады. Бұған, сондай-ақ, кейбір жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын қасақана бұзуы да кері әсерін тигізуде.