Бұған дейін бірнеше нысан пайдалануға берілген.
Мақтаарал ауданының әкімі Жантақсай ауылының тұрғындарымен арнайы кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының шақыртуымен Еңбекші ауылдық округі, Жантақсай ауылына барды. Бұған дейін аталған ауылдың азаматтары аудан әкімінің жеке қабылдауында болған.
Сала басшыларын ерте барған аудан басшысы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Жантақсайлықтар негізінен ауылға газ тарту, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді.
Өз кезегінде аудан басшысы ауылға газ тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттама жасалып жатқанын, дайын болған соң қаржы бөлдіруге ұсынатынын жеткізді. Ал, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту бойынша ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбековке тапсырма беріп, жол, ауыз су, электр желісін тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттамаларын шұғыл түрде жасау керектігін айтты. Ал, электр бағаналарын жаңарту бойынша жауапты мекемеге тапсырма беретінін түсіндірді. Оған қоса, ауылды дамыту үшін әрқашан тұрғындармен бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді.
Айта кетсек, Жантақсай ауылында 700-ге жуық халық тұрады. Елдімекенде 2012 жылы Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектептің ғимараты, 2018 жылы фельдшерлік-акушерлік пункт ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, ауылда қайырымдылық есебінен 2022 жылы "Біләл" мешіті, биыл жеке кәсіпкердің есебінен "Ағарыс-Жанарыс" балабақшасының ғимараты пайдалануға тапсырылды. Одан бөлек, биыл елдімекендегі 1200 метрлік А.Қолдасов көшесіне бюджет есебінен асфальт төселген.