100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жоспар бекітілді.
Түркістан өңіріндегі 831 елді мекеннің 86 пайызға жуығы ауыз сумен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиев айтты.
«Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-і (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) яғни, 85,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл ауыз сумен жабдықтау бойынша 53 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 26-ын осы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал қалған 27 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі», - деді басқарма басшысы Сәкен Шалабайұлы.
Спикердің сөзінше, жыл қорытындысымен, 13 елді мекенді (Сарыағаш-4, Келес-4, Қазығұрт-2, Ордабасы-3) ауыз сумен қамтамасыз ету, ал 14 елді мекеннің (Сауран-1, Қазығұрт-1, Төлеби-5, Жетісай-2, Мақтарал-1, Ордабасы-1, Шардара-1, Түлкібас-2) тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарланған.
Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 119 ауылдық елді мекеннің 71-не су құбырларын жүргізу, 48-не блок-модуль кешенін (КБМ) орнату жоспарлануда.
Айта кетейік, өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.