ТҮРКІСТАН: Әкімдік қызметкерлері қариялардың ауласын тазалады

0
2 683

Наурыз – қайырымдылықтың мерекесі.


ТҮРКІСТАН: Әкімдік қызметкерлері қариялардың ауласын тазалады

Келес ауданында әкімдік қызметкерлері қариялардың ауласын тазалап берді , - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Келестік әкімдік қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта жалғызбасты қарияларға қолғабыс етіп, аулаларын тазалап беруде. Бұл жолы азаматтар Келес ауданының орталығы Абай ауылының тұрғыны зейнеткер Гүлби Моминованың үйіне барып, ауласында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш екті. Зейнеткер мүгедек ұлын жалғыз өзі бағып отыр.

«Наурыз – қайырымдылықтың мерекесі. Бұл күндері халқымыз жетім мен жесірді жабырқап, кембағал мен мүгедекке қайырымдылық көрсеткен. Жұтқа ұшыраған жандарға жұмылып, жылу жинап берген. Осынау ортақ сауапты істе әкімдік қызметкерлері де белсенділік танытуда. Бұл отбасыға мемлекеттен төленетін жәрдемақыдан бөлек, демеушілер есебінен қажетті азық-түлік секілді күнделікті тұрмыста пайдаланылатын заттармен қамтамасыз етіліп тұрады. Әкімдік қызметкерлері, жастар болып тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отбасыларға көмектесіп, көпке үлгі болсақ дейміз» - дейді Абай ауылының әкімі Ерғали Абдирахманов.

Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алған мереке қарсаңында Келес ауданындағы ауылдары абаттандырылып, тал көшеттер отырғызылып, қоршаған ортаны қорғау шаралары қолға алынды.