ТҮРКІСТАН: Ақпарат саласының өкілдері марапатталды

0
830

Олар өңірдің медиа саласын дамытуға үлес қосқан.


ТҮРКІСТАН: Ақпарат саласының өкілдері марапатталды

БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Түркістан облысындағы бірқатар ақпарат саласының өкілдерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аймақтағы телеарна, басылым қызметкерлері мен сала ардагерлерін құттықтап, өңірдің медиа саласын дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті.


«Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте, Сіздер еліміздің, Түркістан өңірінің өсіп-өркендеуі жолында қалам тербеп, талмай еңбек етіп келесіздер. Еселі еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әділдік, адалдық, туралық қағидасын басты ұстанымы еткен қаламгерлердің әрдайым бәсі биік, абыройы асқақ. Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда қоғамның үнін, елдің ортақ жайын жеткізетін журналистер қауымының үлесі мол. Сіздерге шабыт пен шығармашылық табыс, бақыт және отбасыларыңызға амандық тілеймін!», - деді Бейсен Дәулетұлы.


Кездесу барысында БАҚ өкілдеріне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» медалі табыс етілді. Олардың қатарында «Айғақ» телеарнасының директоры Нұрсұлтан Назарбеков, «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының қызметкері, облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек, «Южный Казахстан» газетінің жауапты хатшысы Екатерина Дорошенкова бар.


Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің Құрмет грамотасына «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Руханият бөлімінің меңгерушісі Дилара Бименова, «Жанубий Қозоғистон» газетінің тілшісі Бахар Розметова, «Turkistan» телеарнасының желілік продюсері Ұлмира Нұрмаханқызы, «Айғақ» телеарнасының аға телеоператоры Ақжол Сламқұлұлы, «Ордабасы оттары» газетінің Бас редакторы Ғалымжан Зиябек, «Түркістан» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы Нұркен Қалижанұлы ие болды.


Бұдан бөлек, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры А.Омаровтың Алғыс хатымен Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары Динара Түкібаева, Жансая Алпамысова, Шапағат Ғайбулла марапатталды.