ТҮРКІСТАН: Ақсукентте «Ардақты ана» музейі ашылды

0
2 113

Қонақтар жаңа музей экспозициясымен танысып, аралап шықты.


ТҮРКІСТАН: Ақсукентте  «Ардақты ана» музейі ашылды

Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте «Ардақты ана» музейі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, қоғам және мемлекет қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысып, сайрамдықтарды жаңа музейдің ел игілігіне берілуімен құттықтады.


«Қазақ халқы бағзы заманнан Ана деген ардақты есімді құрмет тұтып, аялап өткен. Сайрам топырағы қасиетті, тарихта аты қалған абыз да, аяулы аналарымызға кенде емес. Бүгінде киелі шаһардың тұмарына айналған Ясауидай ұлы тұлғаның анасы Қарашаш анамыз да осында жатыр. Екі жүз мыңнан аса тұрғыны бар Сайрам ауданында бүгінде көпбалалы аналарымыздың қатары күн санап артып келеді. Жалпы, Түркістан облысы елімізде демографиялық даму тұрғысынан көш бастап тұр. Мемлекетімізде дүниеге келген әрбір бесінші бала біздің өңірде өмір есігін ашады. Осы ретте облысымызда ғұмыр сүріп жатқан алтын құрсақты аналарымыздың еңбегін атап өтуге тұрарлық. Көп балалы аналарымызға біз әрқашанда қолдау білдіріп, қуаттап отыруға, ерекше құрмет көрсетуге тиіспіз»,- деді Сәкен Амангелдіұлы.


Мұндай музей елімізде тұңғыш рет Түркістан облысында ел игілігіне беріліп отыр. Шара барысында ҚР Композиторлар одағының мүшесі, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова, «Бейнелеу өнері» музейінің директоры, суретші Айнабек Оспанов, журналист Зәуре Оралбаева бастаған қонақтар жаңа музей экспозициясымен танысып, аралап шықты.


Сайрам ауданы сансыз бабтар мекені. Киелі өлке. Мұнда тарихта аты қалған абыз бабаларымыз бен аналарымыз мәңгілік тұрақ тапқан. Айта кетейік, Түркістан өңірінде алтын құрсақты аналарды ардақтауға, олардың ерен еңбектерін насихаттап, құрметтеуге бағытталып ашылған «Ардақты ана» музейі дизайнының авторы – Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі Талғат Адырбеков.