ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік салаларда заң бұзған қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылады

0
1 040

Қызметкерлерден заңсыз ақша жинау туралы ақпараттар «WhatsApp» желісіндегі сенім телефонына көптеп келеді.


ТҮРКІСТАН: Әлеуметтік салаларда заң бұзған қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылады

Арыста ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Асанұлы Ғанижанның қатысуымен қалалық әкімдік қызметшілерінің арасында жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Аталған кездесу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы негізінде енгізілген ұсыныстарды қарау мақсатында ұйымдастырылып, алғашқы сөз кезегін алған Ғанижан Асанұлы сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептеріне, онымен күресу жолдарына және Мемлекет басшысының 2 қыркүйектегі Жолдауына жан-жақты тоқталып, бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі заңнама аясында реттеліп жатқанын айтты.


Сонымен қатар, 30-ға жуық қызметкер қатысқан кездесуде әлеуметтік салаларда, оның ішінде көп балалы отбасыларға жәрдемақыны белгілеу, мектептерде заңсыз ақша жинау, тексеруге немесе кездесуге келген қызметкерлерді тамақтандыру және қонақ үйге орналастыру іспетті сылтаулармен қарамағындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинау туралы ақпараттар Департаменттің «WhatsApp» желісіндегі сенім телефонына көптеп келіп түсіп жатқанын назарға алды. Ал, сөз соңында алдағы уақытта аталған заңбұзушылықтарға жол берген қызметкерлер анықталып, қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Сондай-ақ, жиында әрі қарай сөз алған Департаменттің тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі А.Тулешовтің баяндауымен Арыс қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің қызметкерлерімен жасалған сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты енгізілген ұсынысы қаралды. Яғни, ҚР Қылмыстық процестік Кодексінің 200-бабына сәйкес, өндірістен аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекеттік органдарға жолданған қылмыстар және басқа да заңбұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстар туралы кеңінен баяндап өтті.


Оған қоса, жиын барысында қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталған шенеуніктерге қатысты видео түсірілімдер көрсетіліп, жиынды қорытындылаған Ғ.Асанұлы сеніп тапсырылған міндетті жоғары абыроймен атқаруға үндеп, өз іс-әрекеттерімен адал аттарына кір келтірмеуге шақырды.