ТҮРКІСТАН: ​«AMANAT» партиясына жарты жылда 10 мыңға жуық тұрғын өтінішпен келген

0
969

Ең көп арыз-өтініш Жетісай, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары тарапынан тіркелген.


ТҮРКІСТАН: ​«AMANAT» партиясына жарты жылда 10 мыңға жуық тұрғын өтінішпен келген

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында жалпы 18 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оларға 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында 9735 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде 5066 өтініш оңтайлы шешіліп, 4546-на заң аясында кеңестер берілді. Ал 123 шағым қаралу үстінде. Ең көп арыз-өтініш Жетісай, Сарыағаш, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары тарапынан тіркелген.

Қабылдауларда көтерілген мәселелер және электронды база арқылы тіркелген арыздардың 44,3%-ы әлеуметтік көмекке мұқтаждық бойынша, 19,3%-ы тұрғын-үй коммуналдық мәселелер, 8,7%-ы баспана және жер учаскесін алу, 8%-ы еңбек құқығын қорғау оның ішінде жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару және еңбекақы өндіруге қатысты. Қалған бағыттар бойынша да түрлі талап-тілектер назарға алынған. Атап айтқанда денсаулық сақтау және білім беру, кәсіпкерлікті қолдау, несиелендіру және субсидия алу, халықты құжаттандыру, агроөнеркәсіптік кешен, жайылым жер, сот және құқық қорғау жүйесі, сондай-ақ тағы да басқа шағымдар қаралды.
Облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша жыл басынан бері жалпы 1871 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 6665 азаматтың мәселесі қаралған. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары тұрғындарға 20 жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, 198 азаматтың ұсыныс-тілегін тыңдады. Мәслихаттағы партия фракциясы депутаттары да 778 қабылдау жүргізген. Олар 2300-ден аса тұрғынмен кездесіп, өтініштердің оң шешілуіне атсалысқан.
Мұнан бөлек әкімдер, әкім орынбасарлары, жергілікті мемлекеттік органдар, департамент және басқарма басшылары, партияның атқарушы хатшылары, заңгерлер және адвокаттар, медиатор қызметкерлері өңір халқының мәселесін заң аясында қарады. 40-тан астам қоғамдық қабылдау партиялық жобалар мен республикалық акциялар аясында өтті. Онда 172 азамат өз ұсыныстары мен жобаларына қолдау сұрады.
Биыл 15 наурыздан бастап партияның Түркістан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы өз жұмысын бастады. Бүгінге дейін мобильді топ аймақтың 11 аудан және қаласын аралап, 51 шалғай елді мекенде қоғамдық қабылдаулар өткізді. Десе де кездесулерге сол маңайдағы ауыл тұрғындары да қамтылып, жалпы 181 елді мекеннен 1900-ден астам азамат келді. Хаттама негізінде 765 арыз-шағым тіркеліп, оның 41 пайызы яғни 315-і оң шешімін тапты. Ал 450 өтінішке заң аясында түсіндірімелер берілді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі жайылым жер, интернет сапасының төмендігі, мәдениет және спорт нысандарын салуға қатысты болып, әлеуметтік мәселелер де тыс қалмады. Бұл мобильді қоғамдық қабылдаудың ерекшелігі - аумақтық деңгейде шешімін таппаған талап-тілектерді облыстық немесе республикалық деңгейде талқыға салып, өзекті мәселелер ошағын анықтау. Өйткені жоба ауыл халқының проблемасын шешуге ықпал етіп, мемлекеттік мекеме өкілдері мен тұрғындар арасындағы диалогты орнатуға бағытталған. Жыл соңына дейін жалғасатын жоба аясында өңірдің барлық аудан, қаласын қамту жоспарланып отыр.