ТҮРКІСТАН: «AMANAT-та» кәсіпкерлерге қолдау көрсету жайы талқыланды

0
889

Соңғы 6 жылда 23 597 кәсіпкерге 31 711 қызмет көрсетілген.


ТҮРКІСТАН: «AMANAT-та» кәсіпкерлерге қолдау көрсету жайы талқыланды

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында агроқұрылымды дамытудағы кедергілер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің мәжілісі өтті. Мәжіліске аймақтық партия филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, кеңес төрағасы Ерлан Нұрмаханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Н.Бекмұратов, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармабасшысының орынбасары міндетін атқарушы С.Көшкінбай, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Нақыпбеков, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалының директорының орынбасары М.Қаңлыбаев және кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.Олар: «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 300-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсету және ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемін 76 млрд. теңгеге дейін өсіру.


Алдымен С.Көшкінбайдың партияның Жол картасында көзделген көрсеткіштерді орындау бағытында атқарылған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бюджеттен 8,2 млрд.теңге бөлініп, 2725 жоба қаржылай қолдау тапқан. Ал, биыл 11,7 млрд.теңге қаралып, жыл соңына дейін 2 мыңнан астам жобаларға қолдау көрсету жоспарлануда. Сондай-ақ, оның айтуынша ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті және стартапты қолдау мақсатында «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы бастау алған. Бірнеше конкурстар ұйымдастырылып, стартап жобалар инвестицияланып жатыр.


Сондай-ақ, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету бойынша соңғы 6 жылда 23 597 кәсіпкерге 31 711 қызмет көрсетілген. 2022 жылдың І тоқсанында 391 кәсіпкер қолдауға ие болған. Бұл ақпаратты Т.Нақыпбеков баяндамасында атап өтті.


Ал, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік жүйелі қолдаулар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтыр нысаналы индикаторлар толығымен орындалған. Дегенмен Н.Бекмұратовтың мәлімдеуінше жылыжай шаруашылығында кемшін тұстар бар. Көршілес Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келетін жылыжай өнімдерінің бағасы біздің өінмдерден төмен болуына байланысты, бәсекеге түсе алмауда. Басты себебі қуат көздеріне жұмсалатын шығындар. Бүгінде оның үлесі 45%-ға дейін жетіп отыр. Басқарма тарапынан Энергетика және Ауыл шаруашылығы Министрлігіне тариф бағасын 50%-ға дейін төмендету жөнінде ұсыныс енгізіліпті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 848,4 мың гектарға орналастыру көзделуде.


Жиын соңында көктемгі дала жұмыстарына қажетті тыңайтқыштарды (аммиак селитрасы, аммофос) өндіруші «ҚазАзот» АҚ мен «КазФасфат» ЖШС тарапынан агроқұрылымдарға дер кезінде босатпау салдарына көңіл бөлу жайында сын-ескертпелер айтылды. Өйткені бұл жағдай бүгінде агроқұрылымдардың наразылығын туындатуда. Осыған орай, аталған мәселені дер кезінде шешу мақсатында отандық өндірушілерді шақыртып, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен мәжіліс өткізу туралы ұсыныс берілді.


Бейсен Тәжібаев ұсыныс-пікірлер қабылданып, қаралған мәселелерді шешу жолында жауапты мекемелермен бірлесе жұмыстар атқарылатынын айтып, мәжілісті қорытындылады.