Турнир ХХІХ рет өткізіліп жатыр.
Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ХХІХ халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ХХІХ халықаралық турнир басталды.
Ересектер арасында бокс додасының ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев даңқты боксшы әрі бапкер тұлғаның есімі тарихта мәңгі қалатынына, дәстүрлі турнирдің маңыздылығына тоқталса, бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та қатысушыларға сәттілік тіледі. Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы бокс қайраткері туралы ой қозғады.
Дүбірлі сайысқа Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Камбоджа, Моңғолия, Куба елдерінен және еліміздің барлық аймағынан жұдырықты жігіттер қатысып жатыр. Рингте боксшылар 13 салмақ дәрежесінде 163 спортшы бақ сынауда. Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 19 сәуір күні анықталады.
Әбдісалан Нұрмаханов 1993 жылдан бастап бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері атанды. Қазақстан құрамасы бұрынғыдан күшейе түсті. 1995 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында қазақтар 6 алтын жүлдені жеңіп алды.
1996 жылы өткен Жазғы Олимпиада ойындарында Әбдісалан ағаның шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 3 орынды иеленді. Осы Олимпиада ойындарында Василий Жиров ең үздік боксшыға тағайындалған Вэл Баркер кубогын еншіледі.
Атланта Олимпиадасында өзінің нағыз майталман бапкер екенін көрсетіп, қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған қайраткер атында Түркістанда спорт мектебі бар. Жыл сайын Ә.Нұрмаханов атындағы дәстүрлі турнирі тұрақты өтіп келеді.