ТҮРКІСТАН: Аппарат басшысы beeline компаниясының өкілдерімен кездесті

0
453

Тараптар Түркістан өңірінде интернет сапасын арттыру бойынша барлық мүмкіндіктерді қарастырып, әріптестікті нығайту жайын қозғады.


ТҮРКІСТАН: Аппарат басшысы beeline компаниясының өкілдерімен кездесті

Түркістан облысында интернет желісінің сапасын жақсарту және шалғай елді мекендерді интернет желісімен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірдегі интернет желісінің сапасын жақсарту және шалғай елді мекендерді интернет желісімен қамту бойынша берген тапсырмасы аясында тиісті басқарма тарапынан операторлармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов «КАР-ТЕЛ» ЖШС-нің бас атқарушы директоры Настрадин Евгений бастаған Beeline компаниясының өкілдерімен кездесті. Тараптар Түркістан өңірінде интернет сапасын арттыру бойынша барлық мүмкіндіктерді қарастырып, әріптестікті нығайту жайын қозғады.


Аппарат басшысы облыстағы интернет жағдайына тоқталып, ауылдық елді мекендерді сапалы мобильді интернетпен қамтуда қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.


«Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұялы байланыспен қамту мәселесіне, интернет желісінің сапасына ерекше назар аударуда. Президентіміз 1 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстанды IT-мемлекетке айналдыруды тапсырды. Бұл тапсырманы орындау үшін, ең алдымен, тұрғындарды сапалы интернетпен қамту қажет. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Облыс бойынша 46 ауылдық елді мекенде мобильді байланыс мүлдем жоқ болса, 100 ауылдық елді мекен мобильді интернет желісімен қамтылмаған. Сіздермен келісілген Жол картасына сәйкес, облыстағы 36 елді мекенде жаңа базалық станция орнату, 27 елді мекеннің базалық станциясын жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар мерзімінде және сапалы орындалады деп күтеміз. Жол картасынан тыс қалған 37 ауылдық елді мекен бар. Осы ретте, сіздерден осы 37 ауылдық елді мекенді сапалы мобильді интернетпен қамтуды ұсынамыз. Ол үшін, біз, өз тарапымыздан, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз», – деді Еркеғали Әлімқұлов.


«КАР-ТЕЛ» ЖШС-нің бас атқарушы директоры облыс аумағында атқарылған жұмыстарды таныстырып, ауылдарды мобильді интернет желісімен қамтуда туындайтын кедергілерді шешуге ықпал жасауды сұрады. Бұдан бөлек, Space X компаниясының Starlink спутниктік интернет желісі арқылы ауылдарды интернетпен қамту мүмкіндіктерін қарастыруды айтты.


Облыстағы байланыс саласы бойынша облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысының елді мекендерінің интернет желісіне сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша Жол картасы әзірленді. Жол картасына өңірдің ауылдық елді мекендерін мобильді интернетпен қамту бойынша ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне 278 елді мекен енгізілді.


Кездесу нәтижесімен аталған компания өкілдері елді мекендерге талдау жүргізуге және Жол картасынан тыс қалған ауылдарды интернет желісіне сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге жұмыс жасайтындарын жеткізді.


Айта кетейік, ұялы байланыс операторларымен қамтамасыз ету және облыс аумағында интернет желісінің сапасын жақсарту мақсатында 2022-2023 жылдарға «КаР-Тел» ЖШС тарапынан 84 ауылдық елді мекенде интернет желісінің сапасын жақсартылды. Ал 2023-2024 жылдары 32 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатты. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдарға 44 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станцияларды орнатуды жоспарлап, оның ішінде 15-ін орнатып үлгерді.