Батырлар рухына тағзым етіледі.
Түркістан облысында Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған отырыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған жылдық іс-шараларды дайындау және өңірлік жоспарлардың орындалуы жөнінде отырыс өтті.
Жиынға Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Облыстық мәдениет және туризм басқармасы, Облыстық денсаулық сақтау, Облыстық қоғамдық даму басқармасы, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары мен өкілдері және Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің төрағасы қатысты.
«Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» төсбелгісі Ауған соғысының көзі тірі ардагерлерінің бәріне табысталуы тиіс. Жыл бойы атаулы патриоттық бағыттағы кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылады", – деген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бүгінде өңірде көзі тірі Ауған ардагері тұрып жатқанын нақты санын айқындау керектігін тапсырды.
Мәжілісте Түркістан облысын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева Түркістан облысындағы Ауған соғысының ардагерлеріне заң аясында әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев жыл бойы өңірдегі білім ұяларында, жоғары оқу орындарында, жастар орталықтарында Ауғанстан жерінде қаза тапқан боздақтарды еске алу, батырларды құрметтеу арқылы отаншылдықты дәріптейтін түрлі форматтағы кездесулер мен іс-шаралар жоспарланғанын жеткізді.
Сондай-ақ 15 ақпанда аудан, қалаларда мемориалдық тақталар мен ескерткіштері алдында арнайы жиындар өткізіледі. Батырлар рухына тағзым етіледі.
Айта кетейік, аталған іс-шара облыстың барлық аудан, қалаларында ұйымдастырылады.