ТҮРКІСТАН: «ArtSport» жобасы бойынша 30 мың бала тегін үйірмемен қамтылады

0
598

Былтыр өңірде 145 мәдени-шығармашылық үйірме ашылып, 7 487 бала қамтылды.


ТҮРКІСТАН: «ArtSport» жобасы бойынша 30 мың бала тегін үйірмемен қамтылады

Түркістан облысында «ArtSport» жобасы бойынша 30 мың бала тегін үйірмемен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Түркістан облысы мәдениет басқармасының алқа мәжілісінде айтылды. Мемлекет басшысының балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде 2021 жылы шығармашылық үйірмелер бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі енгізілді.


Бұл орайда, Түркістан облысында «ArtSport» жобасы бойынша арнайы платформа іске қосылып, облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар жалғасып келеді. Былтыр өңірде 145 мәдени-шығармашылық үйірме ашылып, 7 487 бала қамтылды. Сондай-ақ, 270 спорт секциясы ашылып, оған 23 982 бала барған.


Биыл өңірде жоба шеңберінде балалардың спортпен, дене шынықтырумен айналысуына үлкен көңіл бөлініп отыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың мәлімдеуінше, жобаға қатысушылардың құжаты электронды түрде қабылданады. Бағдарламаны жүйелі іске асыру бағытында барлығы автоматты түрде есептеліп, қаржыландырылатын болады. Бұл - жүйенің ашықтығы үшін қолға алынып отыр.


«Жобаның басты мақсаты – спорттық үйірмелерге ақша төлеп қатысуға мүмкіндігі жоқ көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды тегін үйірмемен қамту. Өткен жылы «ArtSport» жобасын жүзеге асыруға 1,6 млрд теңге қаржы қаралған болатын. Ал биыл аталған жобаны іске асыруға 4,6 млрд теңге бөлінді. Оның 2,2 млрд теңгесі мәдениет саласындағы шығармашылық үйірмелерге бағытталды. Жалпы облыс бойынша 30 мың бала спорт және шығармашылық үйірмелерге қатысады деп жоспарланып отыр», - деді Бейсен Дәулетұлы.


Аталған жұмыстарды мәдениет басқармасы мен спорт басқармасы жүргізеді.


Еске сала кетсек, биыл қаңтар айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов елімізде «Artsport» жобасы жалғасатынын, бірақ жаңа форматта болатынын және өткен жылы ережелері қабылданғанын айтқан еді. Бұл ретте, әр өңір аталған бағдарлама бойынша өз бағдарламасын әзірлейді.