Тұрғындар апаттан кейінгі тұрғын үйлеріне жүргізілген жөндеу жұмыстарына риза емес секілді.
Арыс қаласының әкімі жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова азаматтардың жеке мәселелері мен өтініштері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Жеке қабылдауға келген азаматтардың барлығы дерлік 2019 жылы орын алған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлеріне жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы өтініштерін айтты.
Тұрғындардың арыз-өтініштерін тыңдаған шаһар басшысы Г.Құрманбекова «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, билік пен қоғам арасында тиімді диалог орнату мақсатында әрбір өтінішке жауап берілетіндігін айтты. Қабылдауға келген 31 азаматқа заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қала әкімінің орынбасарлары Е.Ақтаевқа, құрылыс бөлімінің басшысы Т.Сатыбалдыға және дербес бөлім басшыларына мәселені заңға сәйкес шешу үшін тапсырмалар берді. Жеке қабылдауға келіп ұсынысы мен өтінішін, мұң-мұқтажын баяндаған әрбір тұрғынның жеке мәселелері бойынша құжаттар толтырылып, орындалуы бақылауға алынды.
Айта кетейік, Арыс қаласы әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы әр аптаның жұма күндері сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін өтеді. Алдын ала жазылу 8 /72540/ 5-92-14 байланыс телефон нөмірлері арқылы жүргізіледі.