ТҮРКІСТАН: Арыста асыл тұқымды қошқарлар көрмесі өтті

0
392

Үміткерлер 200-ден аса қошқар әкеліп, өзара бақ сынасты.


ТҮРКІСТАН: Арыста асыл тұқымды қошқарлар көрмесі өтті

Арыста 200 келіге дейінгі асыл тұқымды қошқарлардың көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласында тұқымы сирек қошқарлардың облыстық көрме сайысы өтті. Қалалық Орталық Стадионда өткен шараға қой бағып, қошқар баптаған облыс көлемінен үміткерлер 200-ден аса қошқар әкеліп, өзара бақ сынасты. Көрмені арыстық кәсіпкер, Алмаз Шүкірбеков пен қаланың белсенді шаруа қожалықтары ұйымдастырды.


Шараның ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, шын ризашылығын білдірді.


«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын», - деді шаһар басшысы.


Көрмеге алыстан арнайы келген құрметті қонақтар, асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруақожалықтар қатысты. Құрметті қонақтар қатарында белгілі журналист, бүгінде асыл тұқымды қошқарларды өсірумен айналысып жүрген Берік Сұлтан, ережесіз жекпе-жек шебері Арман "Сұңқар" Оспанов та бар. Олар көрменің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, мұндай көрмелер Шопан ата түлігін асылдандыруға серпін береді деген тілектестік білдірді.


Мұнда құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары әкелінген. Бұл қошқарлар өзінің сұлулығымен көз сүріндіреді. Айталық қисары қойлары алқымы кең, арқасы тегіс, аяғы жуан. Қылшық жүні ажарларын аша түссе, дөң тұмсықтары айбат береді. Ал батпан деп бағаланған айыр құйрығы салмақтарына сән қосады.


Көрме сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына және экстерьеріне қарай бағалады. Көрмеде екі тіс қошқардың салмағы 145, сақа қошқарлардың салмағы 200 келіге дейін жетті.


Сайыс соңында екі тіс бойынша әрі ең жоғарғы салмақ көрсеткен, Берік Сұлтанның салмағы 144 келілік «Мүсін» қошқары дара шықты. Белгілі арыстық қойбегі Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқары 105,5 см бойды көрсетіп, биіктік бойынша чемпион атанды. Ал абсолютті салмақта Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары экстерьер бойынша үздік болды. Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның әйгілі «Тұран» қошқары 195 келімен жеңімпаз болып танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне Алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу, және кубоктар табысталды.


Айта кетейік, бүгінгі таңда асылтұқымды өсіруші шаруалар әр басқа мемлекеттен субсидия ала алады. Оның ішінде асыл тұқымды отандық қойларды сатып алғаны үшін 15 мың теңгеден, егерде шет мемлекеттерден сатып алған болса, аналық басына 30 мың теңге, қошқарларға 150 мың теңгеден субсидия бар. Асылтұқымды мал басына қатысты субсидия алу бойынша тұрғындар қалалық ауыл шаруашылығы бөліміне жүгіне алады.