ТҮРКІСТАН: Арыста мал ұрлығының саны азайған

0
1 098

Мал ұрлығы қылмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға төмендеген.


ТҮРКІСТАН: Арыста мал ұрлығының саны азайған

Арыс ауданының полицейлері мал ұрлығы қылмыстарын азайту мақсатында тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты барлық қала, аудандар мал ұрлығының алдын алу бойынша түрлі іс-шараларды атқарып келеді. Мәселен,,биылғы жылдың қыркүйек айының ортасында Арыс ауданында «Мал ұрлығына тосқауыл» атты ауқымды жиын өтті. Аталмыш жиынға Арыс АПБ бастығының орынбасары, полиция майоры А.Серикбаев, ЖПҚ бастығы полиция подполковнигі Ж.Ахметов, аудан прокурорының орынбасары А.Кабдурахманов, оның көмекшісі мен 100-ге жуық тұрғын қатысты.

Жиын барысында ортаға шығып, өзінің баяндамасын оқыған полиция майоры А.Серікбаев аудан көлемінде полицейлердің қырағылығымен 32 дерек тіркеліп, оның 20-дан астамы ашылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, мал ұрлықтарының ең көп орын алатын аумағы ауыл маңы мен жайылымдық жерлерде болатынын, оның алдын алу үшін күш біріктіру қажеттігін айтты. Бүгінде күн суытып, соғым уақыты жақындап қалғандықтан малды бірден өрістен сойып, бөлшектеп әкетіп жататындардың көбейетіндігі де сөз болды. Сондықтан осындай бірқатар себептердің алдын алу үшін мал басын мүлде қараусыз қалдырмау керектігі ескертілді.

Бүгінгі таңда Арыс АПБ-індегі мәліметтерге сүйенсек, мал ұрлығының алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде мал ұрлығы қылмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, малға байланысты тіркелген қылмыстар өткен жылы 38 пайыз болса, биылғы жылы 32 пайызды құрап отыр. Әрине көрсеткіштер көңіл қуантады, алайда мал ұрлығы қылмыстарын одан әрі азайту үшін де үш жақты келісім жасалып, күш біріктірілуі керек.

Сонымен қатар, полицейлер жиынға жиналғандармен мал ұрлығының орын алуының және мал ұрлығы қылмысының жедел ашылмауының бірнеше себептеріне тоқталды.

Мәселен, мал иелерінің өз малдарына жауапкершілікпен қарамауы, оның ішінде бос немесе алыс жайылымдық жерлерде қараусыз қалдыру, ақыға жалдамалы қызметкер немесе бақташы жалдауды іске асырмау, мал жоғалғаннан немесе ұрланғаннан кейін құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар бермеуі.

Өз кезегінде маңызды мәселелерді кеңінен талқылаған полицейлер мал ұрлығы бола қалса, полицияға бірден хабар берудің орнына өздігінен іздеп уақыт жоғалтуының салдарынан ұрлық қылмыстары уақытылы ашылмайды. Сондықтан табыс көзі болып отырған төрт түліктеріңіздің жоғалмауы үшін оның алдын алған маңызды. Ал, жоғалған сәтте бірден құқық қорғау органы қызметкерлеріне хабар беріңіз.