"Ақтөбе-Алматы" бағытындағы N34 пойыз (572 жолаушы бар) бен "Қызылорда-Көкшетау" бағытындағы N56 пойызы (457 жолаушы бар) Арыс-1 темір жол вокзалына тоқтады.
Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдайға байланысты қозғалыстың барлық түрі уақытша тоқтатылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жамбыл облысында орын алған төтенше жағдайға байланысты оқиға маңында қозғалыстың барлық түрі уақытша тоқтатылғаны белгілі. Соның ішінде темір жол қатынасы да шектелді. Арыс қаласы - тоғыз жолдың торабы болғандықтан, "Ақтөбе-Алматы" бағытындағы N34 пойыз (572 жолаушы бар) бен "Қызылорда-Көкшетау" бағытындағы N56 пойызы (457 жолаушы бар) Арыс-1 темір жол вокзалына тоқтады.
Қала әкімі Г.Құрманбекованың шұғыл тапсырмасына орай, әкімдік қызметкерлері мен Арыс-1 темір жол станциясының басшылығы, Арыс қалалық жедел жәрдем станциясының 3 бригадасы, желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қала әкімдігі аппаратының қызметкерлері ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырылды.
Атап айтқанда, түнгі сағат 02:20-да келген N34 пойыз 1,5 сағаттай вокзалда аялдап, Шымкентке қарай қозғалды. Осы аралықта пойыз жолаушыларына ас, су ұсынылып қажеттілікке қарай өзге де көмектер ұйымдастырылды. СЭС пен дезинфекция қызметкерлері санитарлық талаптардың сақталуын қамтамассыз етті. Ал жергілікті кәсіпкер Ж.Сәрсенбеков жолаушыларға азық-түлік пен сусын ұсынды.
Қазіргі кезде Арыс-1 вокзалында таңғы сағат 06:20-да келіп жеткен N56 пойыз тұр. Пойыз жолаушыларына тиісті қызмет, көмек көрсетілуде. Шымкент қаласына жеткісі келген жолаушылар үшін жергілікті кәсіпкерлер тарапынан арнайы көліктер ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, Арыс қаласының әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығының еріктілері мен "Қолғабыс" қайырымдылық қорының өкілдері жамбылдық отандастарымызға жан-жақты көмек көрсету бағытында жұмыстарды бастап кетті.