ТҮРКІСТАН: Арыстағы ауылда алғашқы спорт кешені ашылды

0
470

Мұнда жасөспірімдер мен балаларға арналған олимпиядалық спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына барлық жағдай қарастырылған.


ТҮРКІСТАН: Арыстағы ауылда алғашқы спорт кешені ашылды

Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында тұңғыш заманауи спорт зал комплексі ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған кешен барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда жасөспірімдер мен балаларға арналған олимпиядалық спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына барлық жағдай қарастырылған.


Ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты. Шаһар басшысы қожатоғайлықтарды жаңа спорттық нысанның ашылуымен құттықтады.


Қала әкімінің айтуынша алдағы уақытта қалаға қарасты барлық ауылдарда спорт кешендерінің құрылысы жүргізілетін болады.


“Баршаңызды жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл күн балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты да бақытты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінде шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін!”, - деді қала басшысы.


Жаңа спорт кешенінің жалпы ауданы 371,65 шаршы метрді құрайды. Зәулім де кең спорт зал едені өте сапалы резеңке жабындысымен жасалынған. Ал сырты әсем әрі жылу болатын металсайдингімен қапталынған. Мұнда медициналық бөлме, ішкі дәретханалар, гардероб та қарастырылған. Бір уақытта 100-ден астам адам спортпен шұғылдана алады. Енді ауыл жастары волейбол, баскетбол, бокс, үстел теннисі, күрес, гимнастика сынды спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.


Ауылда алғаш рет ашылған спорт залдың мүмкіндіктерін ауыл тұрғындары жоғары бағалады.


«Балалар бұл залды қатты ұнатып қалды. Іші кең, жарық, ең бастысы, ыңғайлы. Бұл спортсүйер жасөспірімдер үшін үлкен сый. Спорттың дамуына зор ықпал етері сөзсіз»,- дейді олар.


Айта кетейік, бүгінде Арыс қаласы бойынша 2 спорт кешені мен 100-ден астам спорттық алаңқайлар мен спорт залдар, жаттығу құрылғылары бар. Бүгінгі таңда қалада 4 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінде 15 түрлі спорт түрінен үйірмелер жұмыс істейді.