ТҮРКІСТАН: Арыстан бабтың имамы садақаны жәшікке емес, KASPI GOLD-ына салуды сұраған

0
930

«Түркістандағы әулиелер басы бизнеске айналған».


ТҮРКІСТАН: Арыстан бабтың имамы садақаны жәшікке емес, KASPI GOLD-ына салуды сұраған

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Түркістан облысына саяхат жасаған алматылық журналист басынан өткен оқиғаны айтып берді, деп жазады azattyq-ruhy.


Бүгінде Түркістан өңіріне келетін туристердің саны артып келеді. Олардың көпшілігі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, Үкаш ата кесенесінің басындағы құдыққа шелек тастап кетуге тырысатыны жасырын емес. Бірақ сол туристер әулиелердің басын бизнес көзіне айналдырып алған қызметкерлерге өкпелі екен. Бұл туралы осыдан бір ай бұрын Түркістанға саяхаттаған алматылық журналист айтып берген.


«Мамырдағы мерекеде үш журналист Алматыдан Түркістан қаласына саяхаттап бардық. Киелі жерге барған соң Арыстан баб, Ясауи кесенелерін аралап, Үкаш атаның құдығына соқтық. Бір байқағаным, туристер баратын нысандардағы шырақшы, имам, тізім қадағалайтын қызметкерлердің бәрі мүмкіндік болса халықтың қалтасын қағып қалуға тырысады. Үкаш атаның басында бір ер кісі шелекке ақша төлеңдер деді. Үш қыз 1000 теңгеден 3000 теңге бердік те, құдыққа өтейік десек: «бұл садақаға кетеді, енді шелекке тағы да мың теңгеден беріңдер» деді. Жаңағы кісіге жағдайымызды айтып едік, құлақ аспады. Артымызда бәленбай адам кезек күтіп тұрған соң, оның үстіне киелі жер ғой деп дау шығармай, құдыққа шелек лақтырмастан қайтып кеттік. Біз барғанда Үкаш атаның басында шамамен 100-ге жуық адам кезегін күтіп тұрды. Олардың әрқайсысы 1000 теңгеден шелекке бергеннің өзінде, бір күнде жүз мың теңге шығады. Одан бөлек садақаға деп жоқ дегенде бір адам 200 – 500 теңгеден қалдырып кетіп жатыр. Осы ақшаның бәрі кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл әулиелердің атын пайдаланып, ниет етіп барған халықтың қалтасына қол салу. Оның үстіне, әр адам бір-бір жаңа шелекті құдыққа лақтырып жатқан жоқ. Адам басынан 100-200 теңгеден деп жинаса да жетпей ме?», – дейді журналист.

Журналистің айтуынша, құдық басында шелекке ақша жинаудан бөлек, Арыстан баб кесенесінің басындағы имам келушілерге жұма сайын қашықтан құран бағыштап, сырттай дұға жасау қызметін ұсынған.


«Арыстан баб кесенісінің басында бізді бір имам күтіп алды. Сосын қыздарға кесене тарихы айтылды, құран оқылды, бата берілді. Кейіннен ол кісі «Мен жұма сайын осында ірі қалалардағы клиенттерімнің ата-бабасына вацаптағы тізім арқылы құран бағыштап, дұға етемін. Ақшаны қалауларыңызша kaspi картама жіберсеңіздер болады деп нөмірін жазып берді. Журналист болған соң, қызығып «бұл қаншалықты дұрыс практика, ондай да қызмет түрін алатын адамдар бар ма?» деп сұрағанымда, имам бастысы ниет екенін жеткізді. Мұнда ешкім ешкімді күштеп тұрған жоқ, бірақ имамның мұндай қызметті қарапайым адамдарға қасиетті жерде отырып ұсынғаны таңғалдырды», – дейді ол.


Айта кетсек, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары (5 ай) аралығында Үкаш ата құдығының басынан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 961 891 теңге қаржы түсіпті. Түскен қаражат қорық-музейдің жылдық жоспарына сәйкес, мақсатты бағытталған жұмыстарға жұмсалады екен.


«Құдық басында ақша жиналатынын білмейді екенмін, алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынады. Бір кірген кісі шелекті бір рет қана тастап қоймайды, су шықпаса бірнеше рет тастайтындар бар. Салдарынан шелектер майысып, жарамсыз болып жатады. Сол себепті шелекке ақша жиналады. Ол жерге электр жүйесі дұрыс бармай тұр, болашақта бейнебақылау камерасын қоямыз. Садақаны біздің мекеменің аты жазылған жәшікке ғана тастау керексіздер. Ол ақша Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Әзірет Сұлтан қорының есепшотына кетеді. Жиналған қаражатты жөндеу жұмыстары, қайырымдылық шараларына пайдаланатын болсақ, алдымен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, рұқсат аламыз», – дейді қорық-музейдің өкілі Ерсін Тәжібаев.