ТҮРКІСТАН: Әскери міндетті сарбаздардың жұмысы қорытындыланды

0
774

Бірқатар жауынгерлерге ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Н. Ермекбаевтың арнайы грамотасын және Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор К.Каракуловтың алғыс хаты табысталды.


ТҮРКІСТАН: Әскери міндетті сарбаздардың жұмысы қорытындыланды

Түркістан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес арнаулы жиынға шақырылған әскери міндеттілердің жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ерікті сарбаздардың арнайы жиыны аяқталуына орай облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, волонтерлерге аймақ басшысының алғыс хатын табыстады.

Әскери міндеттілердің қатарында қызмет еткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қиын сәтте елмен, халықпен бірге екендіктерін көрсеткен әскерилерге алғысын жеткізді. Олардың блок-бекеттерде тәртіпті күшейтіп, залалсыздандыру жұмыстарына атсалысқанын атап өтті. Қалалық полиция өкілдерімен бірге мөлтекаудандарда патрульдік қызмет атқарғанын тілге тиек етті.

«Түркістан облысы аумақтық қорғаныс бригадасы басшылығы мен әскери қызметкерлері облыс орталығында блокпостарды күшейту және патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Арнайы жиын бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында болған техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою үшін тартылған Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарындағы бөлімшелерінің сарбаздары әскери қызметін жоғары деңгейде атқарды. Жиын кезінде, әрқайсыларыңыз жанқиярлық пен әскери тәртіптің үлгісі болдыңыздар»,- деді Сәкен Қалқаманов.

Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ бірқатар жауынгерлерге ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Н. Ермекбаевтың арнайы грамотасын және Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор К.Каракуловтың алғыс хатын табыстады.

Айта кетейік, облыс бойынша тіркелген 230 әскери міндеттінің 50-і Түркістан қаласына жұмылдырылған болатын. Оларға тұрақты жұмысындағы жалақы мөлшері өзгеріссіз беріліп отырды. Ал, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар 42500 теңге көлемінде алған.