Гүжім мен мәжнүнталды көбейту тапсырылды.
Өмірзақ Шөкеев қаланы көгалдандыру бағытындағы жоспарлардың орындалу барысын саралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанды абаттандыру жұмыстарымен айналысып жатқан секторларға артылар жүк ауыр. Сондықтан олар Түркістанды дамыту миссиясын орындауға үлес қосып жатқанын ескеріп, жұмысты жауапкершілікпен атқарулары тиіс. Осы мәселеге тоқталған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланы көгалдандыру бағытындағы жоспарлардың орындалу барысын саралады.
Өңір басшысы Түлкібас, Ордабасы, Отырар, Сайрам ауданы және Арыс қаласы әкімдігіне тиесілі секторларды, сонымен бірге құрылыс басқармасының секторын аралап көрді. Кемшіліктерді екшеп, сын-ескертпелерін айтты. Жұмысы жүйелі секторларға ризашылығын білдірді. Қаланы абаттандыруда көзбояушылық және есеп үшін емес, қалаға деген жанашырлықпен іс атқаруды тапсырды. Әсіресе көшеттерді суландыру жүйесін толық аяқтау, жас көшетті желден қорғау үшін темір сыммен тартып байлау әдісін жаппай қолдану керектігін айтты. Гүжім мен мәжнүнталды көбейтіп, аумақтың топырағы мен ауа-райына қолайлы көшеттер өсіруге басымдық беруді жүктеді.
Қаладағы көгалдандыру алқаптарын аралау барысында габион тәсілін қолдану арқылы салынып жатқан құрылыс жұмысы барысы да зерделенді.