ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық адам несие алады

0
1 190

2,5 пайыздық несие беру басталып кетті.


ТҮРКІСТАН: «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық адам несие алады

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық адамға несие беру жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім етті.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында ел Үкіметі «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосқан болатын.


Нұрбол Қарабайұлының баяндауынша, пилоттық жоба шеңберінде 16 ауданнан 32 ауылдық округ анықталып, скрининг жұмыстары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат жоспарланды. Бүгінгі таңда 11 млрд теңге қаражат бөлінді. Осының есебінен берілетін микрокредиттер саны 2 200 бірлік және 2 332 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қосымша 8,7 млрд теңге республикалық бюджеттен беріледі. Жалпы аталған қаржыға 4 мыңға жуық адам несиеге қол жеткізетін болады.


Бұл орайда, өткен айда Түркістан облысында аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бүгінде бағдарламаны іске асыру барысында 3 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түскен.


«Бағдарламада бекітілген бағыттар аясында биылғы 17 сәуірден бастап құжаттар қабылданып жатыр. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды. Атап айтсам, Созақта - 22, Кентауда - 9, Отырарда - 5, Түлкібаста - 15, Сайрамда - 6, Келесте - 32, Сарыағашта - 7, Төлебиде - 20, Қазығұртта - 27, Шардарада - 2, Арыста - 18, Бәйдібекте - 10, Ордабасыда - 26, Сауранда - 3, Жетісайда - 12, Мақтаралда 11 жоба бар. Аталған қаражаттар есебінен алдағы уақытта қосымша тағы екі ауыл округін қамту жоспарланған», - деді ол.


Сондай-ақ спикер бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық беретінін және несие алу үшін тұрғындар ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажеттігін жеткізді.


«Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады», - деді Нұрлыбек Ақылбекұлы.


Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.


Брифингте сөз алған «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев аталған қаржы ұйымының мамандары әрбір ауыл округке бекітіліп, құжаттарды қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сарыағаш, Келес, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан құжаттар көбірек тапсырылып жатқандығын тілге тиек етті.


Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.