ТҮРКІСТАН: «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 200-ден астам жоба жүзеге асырылады

0
518

5 жылда 614 елді мекенге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған


ТҮРКІСТАН: «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 200-ден астам жоба жүзеге асырылады

Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы жобаларды іске асыруға қажетті қаржы 18 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылға 320 жобаны іске асыруға қажетті қаржы 18 млрд. теңгені құрады. Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізіліп, 11,7 млрд. теңгеге 223 жоба қолдау тапқан. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі аппаратының отырысында айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің бюджетаралық қатынастарын жетілдіру және «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарды саралап, тиісті басшыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.


"Елімізде төтенше жағдай болғанын білесіздер. Қазір жағдай тұрақталды. Облысымызда ел бірлігі мен полицияның қырағы әрекетінің арқасында өңірде лаңкестікке жол берілмеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аудару керек. Бюджетаралық қатынастарды реформалау, аграрлық кешенді субсидиялауды жетілдіру, мал азығымен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, жастарды жұмыспен қамту, білікті педагогтарды тарту, дін, азаматтық қоғам және жастар саясаты бойынша жоспарланған шаралар мен міндеттерді айқындау керектігін де айтты. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтіледі", – деді Өмірзақ Шөкеев.


Сондай-ақ, жиында Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының 109 жобасын жүзеге асыруға қосымша 7,8 млрд. теңге қажет. Осыған байланысты республикалық бюджетті нақтылауға тиісті өтінімдер енгізу бойынша жұмыстар басталды. Жалпы жоба аясында 5 жылда 614 елді мекенге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Салалық басқармалар, аудан және қала әкімдіктерімен іске асырылатын жобалардың тізбесі қалыптастырылады.