251 мәдениет үйі мен клуб мекемесі халыққа қызмет көрсетуде.
Түркістан облысында ауыл мәдениетін жандандыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Ордабасы ауданында өткен облыстағы мәдениет үйлері мен клубтардың бүгінгі жай-күйі туралы кеңесте кеңінен айтылды. Өңірдегі 250-ден астам мәдениет ошақтары жетекшілерінің басы қосылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл және салалық басқарма мен аудан, қалалық мәдениет бөлімдерінің басшылары қатысты.
Аталған жиынды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан жүргізіп,аудан-қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар мен мәдениет мекемелерінің бүгінгі жай-күйін баяндады.
Облыс тарапынан бүгінгі таңда өңірлердегі мәдениет және клуб мекемелерінің еңбегін насихаттау, жандандыру бағыттында «Мәдениеті ауылдың» танымдық бағдарламасы, «Ұлттық мұра жаршысы» деректі фильмдер топтамасы, «Түркістан мақамдары»оқу әдістемелік семинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылып, түрлі бағыттағы байқаулар мен фестивальдер өтіп келеді.
Қазіргі таңда облыста 251 мәдениет үйі мен клуб мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Апатты жағдайда тұрған 7 ауылдық клуб мекемесі болса, 32 ауылдық клуб мекемесі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Музыкалық аппаратуралы мен сахналық киімдері мүлде жоқ клуб мекемелері де көптеп кездеседі.45 клуб мекемесінің жалдамалы жекеменшік ғимараттар мен мектептерде жұмыс істеуі осы саладағы жұмыс көрсеткішін төмендетіп отыр.
Мәдениет ошақтары жоқ елді мекендерден 2022 жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 14 ауылдық мәдениет үйінің (кітапханасымен бірге) ғимаратының құрылысы басталып, 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетіндігін хабарлаған Асылхан Темірханұлы аудандық, қалалық тиісті бөлім басшыларына жыл сайын кезең-кезеңімен күрделі жөндеуді қажет ететінжәне жаңадан салынатынклуб мекемелерінің ЖСҚ-сын дайындап, облыстық және жергілікті бюджетке ұсынулары тиіс екендігін айтты.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды қолдау бағдарламасы аясында мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыруға көңіл бөлінетіндігін жеткізді.
«Ауыл мәдениетін көтеруде, халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жастарға тәрбие беруде мәдениет ошақтарының маңызы зор. Осыған байланысты мемлекет тарапынан, облыс тарапынан да рухани-мәдени саланы өркендетуге көңіл бөлініп келеді. Соңғы он жыл көлемінде барлық мәдениет ошақтарының жетекшілерінің басы қосылған мұндай кездесу мүлде өткізілмеген. Бүгінгі жиын осы саладағы өзекті мәселелерді ашық айтатын пікірталас алаңы болды деп ойлаймын. Қазіргі таңда ауылдағы мәдениет үйлері мен клубтардың басым көпшілігінің материалдық-техникалық базасы төмен, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан, жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Екі мыңнан жоғары халқы бар 94 елді мекендемәдениет ошақтары жоқ. Бұл елді мекендерде мәдени бағыттағы жұмыстар жүргізілмейді деген сөз. Өңірлерде кездесіпжатқан келеңсіз оқиғалардың алдын-алу үшін халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру аса маңызды. Осы бағытта сіздерге орасан зор жүк артылып отыр. Лайықты жұмыс деңгейін көрсету үшін мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлу керек. Соңғы жылдары бұл бағытта қаржы қарастырмаған әкімдіктер де бар. Бұл – жергілікті жердегі мәдениет ошақтарына тиісті деңгейде қолдау көрсетілмей отыр деген сөз. Сондықтан, жергілікті әкімдіктер мен бөлім басшылары осыған көңіл бөлу керек. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен елді мекендердегі мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру, таланттарды таныту мақсатындағы жұмыстарға басымдық беріп отырмыз», – деген Бейсенбай Тәжібаев биылдан бастап жүзеге асатын жобаларға тоқталды.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ауыл мәдениетін көтеру үшін қыркүйек айынан бастап ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың облыстық байқауы басталады. Келесі жылы «Мәдениетті ауыл» фестивалі ұйымдастырылып, үздік шыққан елді мекендерге қомақты сыйлықтар табысталады.
Сондай-ақ жиын барысында таныстырылған «Көшпелі кинотеатр» жобасы қолға алынып, өңірлердегі мәдениет үйлерінде тарихи кинолар, анимациялық фильмдер және отандық кино туындылар жұрт назарына ұсынылады. Бұл – халықтың бос уақытын тиімді пайдаланып, отандық туындыларға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, тұрғындарды мәдениет ошақтарына тартуға бағытталған бірегей жоба болмақ.
Облыс әкімінің орынбасары аудан, қаланың ерекшелігіне орай әр өңірден облыстық, республикалық деңгейде өнер көрсететін бір өнер ұжымын жасақтап, оларға қолдау көрсетуді тапсырды.
Жиында сөз алған облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Ержігіт Сартаев «ArtSport» бағдарламасы аясындағы мемлекеттік шығармашылық үйірмелердің жұмысы туралы баяндап, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе отырып, бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің директоры Бауыржан Хидиров және Түлкібас ауданы, Машат ауылдық клуб меңгерушісі Бақытжан Байжұма өз өңірлеріндегі мәдениет үйлерінің мәселесін қозғап,ұсыныстарын айтты. Еркін форматтағы кездесуде мәдениет қызметкерлері тарапынан ауылдық мәдениет үйлеріне штат бірлігін қосу, білікті маман тарту, сахналық киім және музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету туралы мәселелер көтерілді.