ТҮРКІСТАН: Ауылдарда 50-ге жуық медициналық нысан салынады

0
561

Жедел медициналық жәрдем көмегін сапалы көрсету мақсатында қосымша 75 жедел жәрдем көлігі аудан, қалалардың денсаулық ұйымдарына тапсырылды.


ТҮРКІСТАН: Ауылдарда 50-ге жуық медициналық нысан салынады

Дархан Сатыбалды Сарапхана ауылдық емханасының жағдайымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Бұған дейін облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауларында Сарапхана ауылдық емханасының мәселесі көтерілген болатын. Жергілікті тұрғындар емхананың тозығы жеткенін алға тартып, соны реттеу мәселесін айтқан. Осыған орай облыс басшысы аудан орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан Сарапхана ауылдық емханасына арнайы барып, жәй-күйімен танысты. Медицина қызметкерлерімен тілдесіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.


«Ең бірінші кезекте, әлеуметтік нысандардың жәй-күйіне аса назар аударып, халықтың сапалы қызмет алуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Бұл медициналық нысанның жай-күйін жан-жақты зерделеп барып шешім қабылдау қажет», – деді Дархан Сатыбалды.


Аталған нысан 2012 жылы салынған. Екі қабатты типтік ғимаратта 50 бөлме бар. Нысан күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Медициналық құралдармен жабдықталуы – 86,77%. Сарапхана ауылындағы халық саны – 4926. Емханада 42,25 штат бірлік бар.


Айта кетейік, облыс аумағында алғашқы медициналық көмек көрсететін 22 нысанның құрылысы басталып, былтыр 14 нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 31 нысан ашылды. Жедел медициналық жәрдем көмегін сапалы көрсету мақсатында қосымша 75 жедел жәрдем көлігі аудан, қалалардың денсаулық ұйымдарына тапсырылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.