88 тұрғын сұрақтарына жауап алды.
Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ елді мекенінде мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Мыңбұлақ елді мекенінде кезекті мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, ұйымдастырылған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков, облыстық департамент, басқарма, жергілікті мемлекеттік бөлім, мекеме басшылары мен қызметкерлері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары тұрғындардың арыз-өтініштерін қабылдады.
Оларға бәйдібектік 88 тұрғын өз мәселесін айтып, көкейтесті сауалдарын жеткізді. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым, ауылшаруашылық, интернет, жұмысқа қатысты мәселелерін алға тартты. Ойын, спорт алаңшаларын салу жөнінде де тұрғындар өз сұрақтарын айтты.
Жергілікті халықтың толғандырған мәселесі қатарында ауданның өзекті проблемасына айналған Мыңбұлақ ауыл округі Қайнарбұлақ ауылындағы су жинайтын башня және қосалқы трансформатор қажеттігі, Мыңбұлақ және Мәдениет ауылында 1970 жылдары қойылған электр ағаш бағаналарын ауыстыру мәселелері, Арыс-Түркістан каналының бойындағы Р-14-3 бұлақтан шыққан жеріндегі 1 шақырым жерде суағар жоқтығына байланысты жаңадан суағар салу қажеттігі де бар.
Жалпы алғанда 88 тұрғын бір емес, бірнеше проблемаларды ортаға салып көңілге қонымды жауаптарын алды. Әр облыстық және аудандық мемлекеттік қызметкерлер мен халық қалаулылары барлық өтініштерді қабылдау кезінде оңтайлы шешіліп, қаралуды талап ететін өтініштер хаттамаға түсіріліп оң шешілуіне дейін бақылауға алды.