ТҮРКІСТАН: Балық шаруашылығына ден қоюшылар көбейіп жатыр

0
816

Өңірде бұл салаға қолдау жақсы.


ТҮРКІСТАН: Балық шаруашылығына ден қоюшылар көбейіп жатыр

Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысуға ниеттілер саны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығына қолдау көрсетілуде. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында Келес, Шардара аудандарында балық шаруашылығымен айналысатын және жаңадан шаруашылық ашып, балық өсіруге қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесті.


Іссапар барысында Келес ауданы, Ақтөбе ауыл округінде орналасқан «Жанель» шаруа қожалығында болды. Мұнда жалпы аумағы 15 гектар жер телімінде тоғанды көл жасап, тауарлы балық шаруашылығымен айналысып отырған Жанат Бауановтың шаруашылығына ат басын бұрып, өсірілетін балық көлемін арттыру және қосымша көлдің бір бөлігін жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге жалға беру мүмкіндіктері талқыланды.


Биыл 10-нан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында арнайы несиелендіру бойынша өтінімдер тастап, аталған көлдің бір бөлігіне алғашқы балық шабақтарын салуды жоспарланып отыр.


Өңірде бұл салаға қолдау жақсы. Шардара ауданында тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан 15-тен астам шаруаға облыс әкімдігі тарапынан тоған қазу жұмыстарына демеушілік жасау қолға алынды. Атап айтқанда, Қызылқұм каналы бойынан жалпы аумағы 15,4 гектар жерде 10 дана тоған қазу жұмыстарын «Тұран су» мекемесінің техникаларының күшімен атқару және Шардара ауданы әкімдігіне қажетті жанар-жағармай отынының бір бөлігін жергілікті демеушілердің көмегімен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді.


Бүгінгі таңда Келес, Шардара аудандарынан 30-дан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдіруде.