Жетісай ауданында жыл соңына дейін 5 мешіт ел игілігіне тапсырылады.
Жетісай ауданының Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Зерделі ауылында мейірім мен қайырымдылыққа толы Қасиетті жұма күні Аллаһтың ақ үйі бой көтеріп, ел игілігіне тапсырылды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Мешіт – жердегі Алла үйі десек, Алла үйін салған адамға жұмақтан орын бұйырады, ал, сол мешітке барып намазға жығылған адамдар да сауаптан құр қалмайды екен. Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Зерделі және Кемер ауылдарының 2 мыңға тарта тұрғынына Мұхтар Каналбайұлы зәулім мешіт салып берді.
«Тұрған апа» атындағы бұл мешітте бір мезгілде 300 адам емін-еркін намаз оқи алады. Бұған дейін аядай ғана намазханада ғибадат жасап жүрген қос ауылдың тұрғындары ауылдарынан Алланың ақ үйін салған азаматқа ат мінгізіп, шапан жапты. Бұл аудан аумағында ашылып отырған 48-ші мешіт.
«Ата-баба дәстүрімен бірге қайнасып келе жатқан дініміз исламға бүгінде жастардың бет бұруы, мешітке жиі баруы көңіл қуантады. Ал, Зерделі және Кемер ауылы тұрғындарының көпшілігін жастарды құрайды. Осындай ауылды жерлерде мешіттердің көптеп салынуы ауыл жастарын теріс ағымдағы арандатушылардан аластап, оларды елдік пен имандылыққа тәрбиелеуде үлкен маңызға ие» - дейді Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов.
Аудан имамының мәліметінше бұған дейін ауданда 47 мешіт тұрақты жұмыс істеп келген болса, оның үшеуі биыл қолданысқа берілген. 2 мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек тағы 2 мешітке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, аталмыш шараға ҚМДБ Бас Мүфтиі Серікбай Ораз Хазірет арнайы қатысып, жұртшылықпен жүздесті. Аудан аумағында ел тыныштығы мен діни тұрақтылықты сақтау мақсатында атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, арнайы сый-сияпатын жасады. Жетісай жамағатымен бірге жаңа мешітте алғашқы намаз оқыды.
«Біздің ұрпақтарымыз иманды, инабатты, халқын, елін, Отанын сүйетін жақсы азаматтар болуы керек. Бүгінгі ел игілігіне тапсырылып отырған имандылық ордасынан ғалымдар мен ғұламалар, ізгі жақсылар, машайықтар шықсын. Өз атымнан және Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының атынан осындай мешіт салып, елдің игілігіне беріп, Алланың ризашылығынан үміт етіп жасап отырған Каналбай қажыға және ол кісінің балаларына шынайы ризашылығымды білдіремін» - деген Бас Мүфти Серікбай Ораз жаңа мешітке Құран кітабын сыйға тартты.