ТҮРКІСТАН: Бас санитар карантин қай кезге дейін жалғасатынын айтты

0
1 105

Өсім көрсеткіші төмендемеген жағдайда, карантиндік талаптар қайта күшейтіледі.


ТҮРКІСТАН: Бас санитар карантин қай кезге дейін жалғасатынын айтты

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді. Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері барша тұрғындардан қарантин режимін қадағалап, инфекцияның таралуына жол бермеуге шақырды. Медициналық бетперде тағып, антисептикалық заттарды үнемі қолдануға және екі метр қашықтықты сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қадағалауды ескертті.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режимі облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасатынын айтты.

«Эпидемиологиялық ахуал тұрақтануы үшін өсім 1 апта көлемінде 5%-дан аспауы қажет. Егер өсім 2%-дан аспаса, қосымша жеңілдіктер енгізілуіне негіз болады. Ал, өсім көрсеткіші төмендемеген жағдайда, карантиндік талаптар қайта күшейтіледі. Тұрғындарға қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аударылуы тиістігін еске саламыз. Атап айтқанда, екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетперде міндетті түрде тағылуы, әлеуметтік қашықтық (2 метрден кем емес) сақталуы тиіс. Жалпы, Түркістан облысы бойынша коронавирус індетін жұқтырған 594 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 7- і қайтыс болып, 265 адам жазылып шыққан», - дейді Нұрбек Садықбекұлы.

Сөз соңында облыстың бас санитар-дәрігері мыналарға тыйым салынғанын айтты: отбасылық іс-шараларды өткізуге; ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге; сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың, батут және фудкорттардың жұмысына; мал базарларының қызметіне.

Айта кетейік, карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларға ҚР заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шара қолданылады.