ТҮРКІСТАН: Білім беру ұйымдарын алуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлер көбейді

0
873

Облыс аумағында 66 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бар.


ТҮРКІСТАН: Білім беру ұйымдарын алуға қызығушылық білдірген кәсіпкерлер көбейді

Түркістандық кәсіпкерлер білім беру ұйымдарын сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылық білдіруде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов пен білім беру басқармасы басшылығының қатысуымен өткен Өңірлік кеңес жанындағы Білім беру саласын дамыту комитетінің кеңейтілген мәжілісінде мәлім болды.

Отырыста «Жас маман» жобасына енген Техникалық және Кәсіби Білім беру ұйымдарын сенімгерлік басқаруға алу мәселесі ортаса салынды. Сенімгерлік басқаруға қызығушылық танытқан кәсіпкерлер, яғни «Urker EPC» ЖШС, «Қазына-жер Ltd» ЖШС, СПК «Хамит» басшылықтары өздерінің кәсіпорындарын таныстырып, жоспарларын баяндады.

Жалпы, қазіргі таңда облыс аумағында 66 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бар болса, оның 35-і мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекеме қалған 31-і жеке меншік білім беру ұйымдары.

«Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасына 10 ірі кәсіпорын басшыларынан облысымыздың ТжКБ ұйымдарын сенімгерлік басқаруға алуға қызығушылықтарын танытып өтініш берген болатын. Алайда бизнестің сұранысына ие 6 колледж «Жас Маман» жобасына енгізілген және мемлекет есебінен жаңартылатын болады. Салдарынан қазір оларды бизнеске сенімгерлік басқаруға беру мүмкін болмауда», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Комитет отырысының нәтижесінде әкімдік пен «Атамекен» бұл мәселесінің оң шешім табуына бірлесе ықпал ететін болды. Аталған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар ҚР Білім және ғылым министрлігіне жолданады.