​ТҮРКІСТАН: Блок- посттардағы бейнебақылау камералары облыстық ситуациялық орталыққа қосылған

0
1 029

Барлық бейнежазылым 30 күн бойы сақталады.


​ТҮРКІСТАН: Блок- посттардағы бейнебақылау камералары облыстық ситуациялық орталыққа қосылған

Түркістандағы блок- посттардағы бейнебақылау камералары облыстық ситуациялық орталыққа қосылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүкіл әлемді үрейге бой алдыртқан пандемия күре жолдарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді мәжбүр етті. Түркістан қаласына кіреберісте Ынтымақ, Кентау, Шәуілдір, Балтакөл блок - посттары мен Теміржол вокзалындағы бақылау өткізу бекеттерінде 15 бейнебақылау камералары орнатылды. 5 бекеттің әрқайсысында 3 "Сергек" камерадан қойылған. Барлық бейнежазылым 30 күн бойы сақталады.

Бұдан бөлек 2 бейнебақылау камерасында автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану жүйесі іске қосылған. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және шетелдік нөмірлі көліктерді тіркеуге алу бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Онда полиция, дәрігерлер мен жедел-жәрдем және төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы қызмет етуде.

Облыс көлемінде орналасқан бекеттердегі бақылау камералары Түркістан облысы әкімдігі тарапынан құрылған облыстық ситуациялық орталыққа қосылған. Онда барлық сала жетекшілерінен жиылған облыстық штаб мүшелері тәулік бойы жұмыс істейді. Түркістан облысы Аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті медициналық, профилактикалық және ұйымдастыру шараларын қабылдады.

Түркістан қалалық емхана мамандары азаматтардың дене қызуын тексеріп, дәрігерлік бақылаудан өткізеді. Ауруға күдікті ешкім тіркелген жоқ. Блок-посттардан бір тәулікте екі мыңнан астам адам өтеді. Ел амандығы үшін күні-түні жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін мүмкіндігінше барлық жағдай жасалған. Бекет басына ауыз су, жарық жеткізіліп, дәретхана мен шатыр (палатка) қамтамасыз етілген.

Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында сондай-ақ қаладағы қоғамдық орындарда сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған. Жалпы, Түркістан облысы бойынша қауіпті дерт жұқтырған жағдай анықталған жоқ. Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастырумен тұрғындар сауалдарына шұғыл жауап беру үшін арнайы Call–орталық жұмыс істейді. Call – орталық 109 нөмірі арқылы тәулік бойы 24/7 форматта қоңыраулар қабылдайды.

Инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті Түркістан облысы әкімдігінің «ТүркістанCOVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы» парақшасынан білуге болады