Ең бастысы - әр елді мекеннің брендін қалыптастыруға үлес қосып, оны насихаттау.
Түркістан облысында «Тұран даласы» атты байқау жарияланды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының мәдениет басқармасы «Тұран даласы» атты бейнефильмдер байқауын жариялаған болатын. Оңтүстік өлкенің тұмса табиғаты мен тұнған сырларын әлеуметке танытуға арналған сайыс 1-25 қараша аралығында өтеді. Өз өңірінің дамуына бей-жай қарамайтын жандардың туындысы креативті идеясы мен сценарий мазмұнына қарай бағаланады.
Шағармашылық байқау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасының іске асырылуына бағытталған. Негізгі мақсат - Түркістан облысындағы аудан, қалалардың тарихын зерттеу, тарихи-мәдени және киелі орындарды дәріптеу. Ең бастысы - әр елді мекеннің брендін қалыптастыруға үлес қосып, оны насихаттау.
Бейнефильмдер сайысына облыс көлеміндегі аудан-қалалардан 15 қатысушы өтінім беріп, 17 туынды ұсынылған. Бейнефильмдер қазіргі таңда облыстық мәдениет басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялануда. Байқауға елімізге белгілі кинорежиссер, сценарист және актер Ахан Сатаев, режиссер, продюссерлер Олжас Ермекбаев пен Мейіржан Алиакбаров қазылық етеді.
Жеңімпаздар үміткерлердің жұмысы толық жарияланып болған соң анықталады. Бейнефильмдердің қаралым саны мен көрермендер тарапынан берілген бағалары, сын-пікірлері де ескеріледі. Бас жүлде иегеріне- 700 мың теңге, I орынға – 500 мың теңге, II орынға – 300 мың теңге (екі адам), III орынға -200 мың теңге (үш адам). 5 қатысушыға 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табысталады.