ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды құқық қорғау органдары басшыларымен бірге бірыңғай қабылдау өткізді

0
734

Арыс пен Отырар тұрғындарына арнайы барып, бірыңғай қабылдау өткізді.


ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды құқық қорғау органдары басшыларымен бірге бірыңғай қабылдау өткізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс пен Отырар тұрғындарына арнайы барып, бірыңғай қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түрлі түйіткілдерімен келген тұрғындар аймақ басшылығына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен Арыс пен Отырар тұрғындарына арнайы барып, бірыңғай қабылдау өткізді.


Тұрғындардың басым бөлігі өңірдің бірінші басшысынан жұмысқа орналастыру, үй алу, медициналық көмек секілді жеке сипаттағы мәселелерін шешуге көмек сұрады. Сонымен қатар әлеуметтік, ауыз су, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, спорт, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылым салалары бойынша бірқатар өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.


«Сіздермен жүздесіп, өтініштеріңізді тыңдауға арнайы келіп тұрмыз. Құқық қорғау органдарының басшылары да осында. Кейбір мәселелерді шешу ұзақ уақытты талап етеді. Біз осы ретте қолдан келген мүмкіндікті қарастырамыз. Жергілікті деңгейде шешілетін түйткілдер де бар. Аудан, қала әкімдеріне, жауапты тұлғаларға елдің өтініштері мен арыз-шығамын мұқият назарға алуды тапсырамын», — деді Дархан Сатыбалды.


Көкейтесті мәселесіне байланысты көмек сұрап келгендердің қарасы көп.


Сұрақтардың басым бөлігі шешілді. Тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі көтерілген мәселелерге байланысты жауапты басқарма басшыларына айтылған арыз-шағымдарды назарға алып, заң аясында шешуді тапсырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Арасында жергілікті соттардың шығарған шешімдерімен келіспейтіндер де бар. Оларға заңға сәйкес, жоғары сот сатыларына шағым келтіру тәртібі түсіндірілді.


Арыс қаласы мен Отырар ауданының 100-ден астам тұрғыны көкейдегі ойлары мен ұсыныс-тілектерін толық жеткізді. Облыс әкімімен бірге тұрғындарды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің, Түркістан облыстық прокуратурасының, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің, Түркістан облысы полиция департаментінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары мен өкілдері және аталған аудан мен қаладағы сот төрағалары, прокурорлары, департамент басшылары қабылдады.


Бірыңғай азаматтарды қабылдау күнін өткізудегі басты мақсат — азаматтардың нақты әлеуметтік проблемаларын шеше отырып, халықпен тікелей қатынас орнату. Ашық есік күніне келген барлық азамат үшін қолайлы жағдай жасалды. Қажет болған жағдайда медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін мамандар жұмылдырылған.


Жеке қабылдауға келген тұрғындар қойылған сұрақтарына қанағаттанарлық жауап алды. Өтініштерінің орындалуынан үмітті. Солардың бірі — Жүнісова Әсемкүл. Арыс қаласы, Байырқұм ауылының тұрғыны медицина мәселесін көтерді.


«Бұрын ауылда аурухана болған, сол жабылып, орнына амбулатория салынған. Облыс әкімінен станционарлы емдеу мекемесін салып беруді сұрадым. Өңір басшысы өтінішті қабылдап, мәселені қарайтынын жеткізді», — дейді ол.


Ал Отырар ауданының тұрғыны Мәди Жұмабек мұндай кездесулердің маңызы зор әрі жиі өтуі керек деген пікірде.


«Облыс әкімінің қабылдауына жазылып, бірнеше мәселені көтердім. Жер дауы, спорт нысаны мен саябақ салу жөнінде ел өтінішін жеткіздім. Қанағаттанарлық жауап алдым. Дұрыс қабылдады. Енді шешу жолын күтеміз. Басшылар елді қабылдап, мәселелерін шешсе, мемлекет те дамиды», — дейді тұрғын.