«Түркістан дауысы» эстрадалық ән байқауы өтті

0
542

Байқау жас таланттардың жұлдызын жарқыратты.


«Түркістан дауысы» эстрадалық ән байқауы өтті

Түркістанда жас әншілер арасында ән байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық ән байқауы өтті Екі күнге созылған өнер додасына еліміздің түпкір-түпкірінен 18 бен 35 жас аралығындағы 17 әнші қатысты. Шығармашыл, дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында өткен байқау жас таланттардың жұлдызын жарқыратты.


Байқауға композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Төлеген Мұхамеджанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Маржан Арапбаева, «Мәдениет саласының үздігі», композитор, продюсер Қайрат Баекенов, композитор, ән өңдеуші Хамит Шанғалиев, халықаралық «Славян базары» фестивалінің гран-при иегері, әнші Рухия Байдукенова, эстрада жұлдыздары Айдар Тұрғанбек пен Жанар Дұғалова қазылық жасады. Сонымен бірге әлемге әйгілі опера әншісі Нұржамал Үсенбаева қонақ ретінде қатысып, жас әншілерге қолдау көрсетті. Еліміздің әр қиырынан келген қатысушылар екі ән орындады. Яғни, бірінші Қазақстанның танымал композиторларының әндерін, екінші кезекте өз таңдауы бойынша шырқады.


Екі күнге созылған ән байқауының қортынды кезеңіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. Кештің гала-концерті өте жоғары деңгейде өтіп, Түркістанның өнерсүйер қауымы мен қонақтары бір серпіліп қалды.


Байқау қортындысы бойынша гран-при жүлдесін Түркістан облысының жас әншісі Айзада Әлімбек жеңіп алды. Бірінші орынға жамбылдық Қымбат Жамбылбек лайық деп танылса, маңғыстаулық Айдын Жұмабаев екінші орынға ие болды. Қайрат Сарыбаев (Алматы облысы), Әкімхан Маженов (Қостанай) және Айнұр Назарбекова (Шымкент) сынды жас әншілер үшінші орындарды еншіледі. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге диплом және бағалы сыйлықтар тапсырылды.